Шардара ауданында мектеп қызметкерлері шу шығарды
Түркістан облысы Шардара ауданында мектеп қызметкерлері шу шығарды. Жалғыз айлыққа күн көріп отырмыз деген бастауыш сынып мұғалімдері, зертханашы мен тазалыққа жауапты адамдар білім бөлімінің басшылары қысқартуды жалау етіп, жұмыстан шығарып жебере ме деп қорқады. Ал жаңа оқу жылы басталған шақта басқа орын табу қиын дейді. Сондықтан жауапты министрліктен көмек сұрайды. Қысқарту болады деген хабарлама келгелі Қоссейіт мектебінде күнде жиын, күнде шу. Мазасы қашқан мұғалімдер мен қызметкерлер жұмыссыз қалудан қорқады. Несие мен бала-шағаны асыру қиындайды деген көпшілік білім бөлімінің шешімі ақылға қонымсыз деп отыр. ГҮЛЖАМАЛ ТАЛАСБЕК, мектеп зертханашысы: Қазіргі таңда екі бүлдіршінім бар. Олар үшке толмаған әлі жасы. Оның үстіне декреттік демалысқа кетемін. Мардымсыз айлығымыз бар. Балалардың балабақшасын төлейміз, тамағын аламыз. Соған жетпей отырған айлықты істеп отырғандары мынау енді. Штаттың бәрін қысқартып жатыр. БАҚЫТЖАН ДЕРБЕСБЕКОВ, мектептің бағбаны: Өзім давлениемен учетта тұрамын. Ай сайын дәрі аламын. Ертең мен жұмыстан шығып кетсем, жасым 55-те мені стройкіге де жұмысқа алмайды. Бір басымда 3 кредитім бар. Оның жартысынан көбі кредитке кетсе, 20-30 мың теңге тамағыма қалады менің. Алатынымыз 100 мың айлық. Жұмыссыз қалуы мүмкін жандардың басында мектептің зертханашылары, аула тазалайтын жұмысшылар тұр екен. Одан кейін кезек мұғалімдерге келеді. Білім ошағының басшысы қарамағындағы қызметкерлерінің жағдайын түсініп тұр. Бірақ жоғарыдан бұйрық келді. Орындауым керек дейді. АЙНАШ СҮЛЕЕВА, Қоссейіт жалпы орта мектебінің директоры: Зертханашылардың педагог статусы жоқ. Ал қызметкерлерге екі-ақ штат беріп тұр. Ал олар көп. Бұрын маған дейін барлығы қабылданған. Шардара аудандық білім бөлімінен түсінік жазасың қысқартпасаң. Саған тәртіптік шара көреміз деген соң мен де өзімнің қызметімді сақтап қалу үшін бір жағы, бір жағы басшылықтан арнайы хат келген соң мен хабарлама хат бердім. Жалпы ауылдағы бұл мектепте жүзден астам адам жұмыс істейді екен. Ал зертханашыларының саны оннан асса, аула тазалығына жауапты бес жұмысшы бар. Шардара аудандық білім бөлімінің өкілдері білім ұясында "жарты ставкамен" еңбек ететін адамдардың саны шамадан тыс көп деп отыр. ЖАНАТ МҰСАТАЕВА, Шардара аудандық білім бөлімінің басшысы: 2023 жылы министрліктен келген бұйрық бойынша артық қызметкерді қабылдауды доғару керек. Қоссейіт жалпы білім беретін мектебіне келетін болсақ, жоғарыда аталған бұйрық мүлдем жүргізілмей, оның орнына 23-25 жыл аралығында мектепке жалпы 15 қызметкер қабылданған. Қазіргі таңда бұл мектепте 11 штат бірлігі артық болып тұр. Қысқартамыз барлығын. Шағымданушылар енді министрлікке хат жазып, көмек сұрамақ. #Информбюро #31арна #БастыЖаңалықтар #Новости #31канал