2026 жылы бір миллион отандасымызға МӘМС жүйесінің статусы беріледі
Келесі жылы медициналық сақтандыруы жоқ 1 миллион қазақстандыққа МӘМС жүйесінің статусы беріледі. Ал олар үшін жарнаны мемлекет төлейді. Нақтырақ айтсақ әкімдіктер ай сайын 9 мың 189 теңгеден аударып отырады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, бұл игілік жұмыссыздар мен кедей тапқа берілмек. Ал оларды үкімет қалай анықтайды? Бұл, онсыз да ақша тапшылығы туындап отырған бюджетке орынсыз шығын әкеліп жүрмей ме? Әріптесім Оразай Нұртайұлы тақырыпты жалғастырады. ОРАЗАЙ НҰРТАЙҰЛЫ, тілші: Жұмыссыз қалған, табысы тоқтаған және тұрмысы нашар топтар да енді ел қатарлы ауруханаға қарала алады. Мемлекет бүгінде медициналық сақтандыруы жоқ халықты келер жылы МӘМС жүйесіне қосып, ем-домның шығынын әкімдікке жүктеуді жоспарлап отыр. Яғни, дәрігерге жүгіну, тексерілу ақысы қазынадан төленбек. Бірақ бұл сақтандыруы жоқтың бәрі бұдан былай жарна төлемесе де қабылдауға жазыла алады дегенді білдірмейді. АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА, ҚР Денсаулық сақтау министрі: Жаңа заң аясында табысы төмен азаматтар үшін МӘМС жарнасын жергілікті атқарушы органдар азаматтардың медициналық көмекке жүгіну фактісі бойынша төлейтін болады. Осы шаралардың арқасында 2026 жылдан бастап сақтандырылмаған 1 миллион адам қосымша МӘМС жүйесіне енетін болады. Яғни, жарна төлемей тұрып әкімдік ол адам ауруханаға жүгіне ме, әуелі соны анықтайды. Бірақ қазірдің өзінде МӘМС қорында да, жергілікті атқарушы органдар да көмекті алатындардың саны бар. Мысалы Алматыда 475 мың тұрғында сақтандыру жоқ, соның 95 мыңы әлеуметтік осал топқа жатады. Алайда әкімдік оның бәріне жарна төлейін деп тұрған жоқ. Дәрігерге жиі жүгінеді деген 26 мың адамды іріктеп, солар үшін ғана шығын шығаруды жоспарлап отыр. Ал жұмыссыздар тізімі мансап орталықтарының ақпараты арқылы анықталады. Сондай-ақ, келер жылы жүйеде бұрыннан бар азаматтар үшін жарнаның шекті сомасы да өзгеріп, табысқа қарай есептелмек. АРДАҚ АМАНГЕЛДИЕВ, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі: Мысалы жұмыс беруші қызметкері үшін 25 мың 500 теңге төлесе, келер жылы 30 мың төлейді. Азаматтың өзі бүгінде 17 мың төлеп жүрсе, кейін 20 мың теңге аударады. Ал жалақысы 1 миллион 700 мың теңгеден жоғары болса, жұмыс беруші 50 мың, қызметкердің өзі 34 мың теңге жарна құяды. Бүгінде сақтандыру қорының медициналық мекемелерге 150 миллиард теңге қарызы бар. Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, бүгінде қазақстандықтардың 20 пайызы МӘМС жүйесінде болса да дәрігерге жүгініп жатқан жоқ. Сол себепті осы айдан бастап тіркеуіндегі сақтандыруы бар науқас жылына бір рет келмесе мемлекеттік қаржыландыру қысқарады. #Информбюро #31арна #БастыЖаңалықтар #Новости #31канал