G
enby!

Плоское ауылы байланыссыз қалған

Еліміздің солтүстігінде өркениеттің игілігін көре алмай отырған ауыл бар. Плоское елдімекенінде интернет те, ұялы байланыс та жоқ. Тұрғындар жедел жәрдем қызметі мен өрт сөндірушілерді шақырту үшін бес шақырымды артқа тастап, көрші ауылға сабылады. Сабаққа дайындалу, цифрлық қызмет алу халық үшін нағыз азап. Байланыстан тыс қалған қарашаның базынасын әріптесім Руслан Жасұланұлы тыңдап келді. Плоское ауылы Петропавлдан небәрі 50 шақырым жерде орналасқан. Бірақ қалаға жақын болғанның еш пайдасы жоқ дейді жұрт. Себебі, цифрлық технология дамып, жаһандану заманында жұрт қарапайым ғана ұялы байланысқа қол жеткізе алмай отыр. Жақындарынан хат-хабар ала алмай қиналған тұрғындардың шыдамы таусылған. НИНА МИХАЙЛОВА, Плоское ауылының тұрғыны: Біз үңгірде тұрған сияқтымыз. Ешкіммен хабарласа алмаймыз. Қазір бәрін цифрлық жүйеге ауыстырамыз дейді. Сонда біз не істейміз. Бәрінен жұрдай болып отырамыз ба? Ұялы байланысты тартып беруін талап етеміз. Байланыс тек көрші ауылда ұстайды екен. Оқушылар да сол елдімекенде білім алады. Ата-аналардың айтуынша, ұл-қыздар үйге кеш келеді. Себебі, олар интернеті бар жерде сабақтарын қарауға тырысады дейді. Тұрғындар онлайн қызмет алып, жаңалықтарды оқу үшін бес шақырымды артқа тастап, байланыс пен интернеті бар ауылға барады. Тіпті, қарияларға зейнетақыны "Қазпоштаның" курьерлері таратады. ОЛЬГА БЕРСАНОВА, Плоское ауылының тұрғыны: Балалар қалай оқиды? Қазір бәрі интернет арқылы. Құжаттарды алу үшін SMS-хабарлама келеді. Байланыс жоқ. Адамдар құжаттың дайын болғанын білмейді. Қалай өмір сүреміз? Біз білмейміз. Мынау сұмдық қой. Ал жауапты мамандар ауылға байланыс қашан келетінін дөп басып айта алмайды. Өйткені халық саны азайып жатқандықтан желі тарту тиімсіз дейді. ОКСАНА ПАНИНА, Асанов ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы: Ауылда 250 адам тұрса арнайы байланыс мұнаралары қойылады. Бірақ мына ауылда халық саны оған жетпейді. Десек те, арнайы антенналарды орнату мәселесін ойластырамыз. Ол белгілі бір радиус көлемінде байланыс береді. Шенеуніктер жыл соңына дейін байланыс мәселесін шешуге тырыспақ. Бірақ әкімдіктегілердің жауабына қанағаттанбаған жұрт жанайқайын аудан басшыларына жеткізбек. #Информбюро #31арна #БастыЖаңалықтар #Новости #31канал

Смотрите также