Алты үй қатар отқа оранып, ана мен бала тірідей жанып кетті
Алматы облысында алты үй қатар отқа оранып, ана мен бала тірідей жанып кетті. Тағы бір адам ауыр жарақатпен ауруханаға түскен. Қас-қағым сәтте тараған тілсіз жаудан ауладағы қора-қопсы да күлге айналған. Ал куәгерлер сөзінше, қайтыс болған әйел балаларымен бірге өрт шыққан үйге қонаққа келген екен. Оқиға орнынан әріптесім Оразай Нұртайұлының материалы. ОРАЗАЙ НҰРТАЙҰЛЫ, тілші: Үш адамға кесірі тиіп, екі адамды өлтірген Кенен Әзірбаев ауылындағы алапат өрт бүгін таңертең болған. Тілсіз жаудан қалғаны қазір осы. Үйлердің түгі қалмай жанып кеткен. Күйіктің иісі әлі бар. Апат кесірінен алты отбасы үйсіз қалды. Зардап шеккендердің айтуынша, қызыл жалын әуелі марқұмдар қалған үйде тұтанып, жарты сағатта екі жаққа тарапты. Осылайша қатар салынған баспана мен қора-қопсаның бәрі отқа оранған. ГРИГОРИЙ КАРНАУХОВ, зардап шегуші: Мені қайта көршім оятып аман қалдым. Сыртқа шыққанымда үйімнің шатыры жанып жатты. Өрт сөндірушілер қанша тырысса да сақтап қала алмады. Бәрі күлге айналды. НАДЕЖДА ЩЕПКИНА, куәгер: Бәріміз далаға қаштық. Өрт кезінде бір әйел 2 айлық сәбиімен шығып үлгермеді. Содан ол баласын өз денесімен жауып, оттан қорғамақ болған, алайда екеуінің де қайтыс болғанын естідік. Төтеншеліктердің мәлімдеуінше, тілсіз жаудың бұлай өршіп кетуіне хабардың кеш жетуі себеп. Баспаналардың қамыстан жасалғаны да алапат өртке алып келді дейді. АЙГЕРІМ ҚАНЫБЕКҚЫЗЫ, алматы облысы ТЖД ресми өкілі: Сонымен қатар ғимараттар арасындағы 1,5–2 метр ғана болатын тар жолдар мен тығыз құрылыстар қосымша қиындықтар туғызды. Өрт болған жерден екі адамның мәйіті табылды. Бір адам күйік жарақатымен ауруханаға жатқызылды. Зардап шеккендердің сөзіне сенсек, ауруханаға жеткізілген ер адамның денесін толық күйік шалған. Бірақ бұған қатысты денсаулық сақтау басқармасы әзірге жауап бермеді. Куәгерлердің айтуынша, марқұм өрт шыққан үйге балаларымен қонаққа келген екен. Қазір өрттің себебі анықталуда. #Информбюро #31арна #БастыЖаңалықтар #Новости #31канал