Сәкен Майғазиев пен Нұрлан Еспановтың ұлдары заң алдында жауап беруі мүмкін
Эстрада жұлдыздары Сәкен Майғазиев пен Нұрлан Еспановтың ұлдары заң алдында жауап беруі мүмкін. Өйткені әншілердің балалары “Қайрат” пен “Реал” арасындағы матч билеттерін сатамын деген ақпаратты әлеуметтік желілеріне жүктеген. Осыған байланысты пікір білдірген Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов, егер ресми арыз түссе тексеру жүргізуге дайын екенін мәлімдеді. Бұған дейін желіде екі әншінің ұлдары матч билеттерін 350-600 мың теңге аралығында сататыны туралы жазба жарияланған еді. Алайда бастапқыда бұл билеттердің ресми бағасы 35 мың теңгеден басталған. Кейінірек Олжас Еспанов бұл жазбаларды әзіл ретінде жариялағанын айтып, іс-әрекетін маркетингтік қадамға балап түсіндірді. Ал оның әкесі Нұрлан Еспанов пен ұлының сөзі бір жерден шықпады. Әкесінің айтуынша, Олжас ешқандай билет сатпаған, тек достарының өтініші бойынша парақшасына жарнама ретінде жариялаған. Майғазиевтің ұлы да досына жарнама жасағанын айтып ақталды. САНЖАР ӘДІЛОВ, ҚР ішкі істер министрінің орынбасары: Біз бұл мәселеге қатысты тексеру жүргізуге дайынбыз, ол үшін азаматтардан арыз түсуі керек. Соған қарай міндетті түрде тексеріс жүргізіп, процесуалдық шешім қабылдаймыз #Информбюро #31арна #БастыЖаңалықтар #Новости #31канал