САУРАНДА ӨТКЕН ТАМЫЗ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ –ҰСТАЗҒА ҚҰРМЕТ, ҰРПАҚҚА СЕНІМ
Жаңа оқу жылы басталған сәт – ұстаздар үшін ғана емес, бүкіл ел үшін ерекше кезең.Себебі білім – елдің болашағы, ұлттың ұлы мұраты. Осы дәстүрлі бастаманың бір бөлігі болып отырған республикалық тамыз конференциясы жыл сайын педагогтардың басын қосып, білім саласындағы жаңа міндеттерді айқындап, келешекке жол сілтейтін маңызды жиынға айналды. Биылғы конференцияның ерекшелігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ашып беруі. Президентіміздің білім саласына айрықша мән беріп отырғанының өзі ұстаздар қауымына деген үлкен құрметтің, жас ұрпақ алдындағы зор жауапкершіліктің айғағы. Түркістан облысы, Сауран ауданындағы Ахмет Байтұрсынов атындағы мектепте өткен «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» атты Тамыз конференциясы – биылғы білім саласындағы айрықша оқиға болды. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының есімімен аталатын білім ордасында өткен басқосу символдық мәнге ие: Алаш ардақтысы ұсынған ағартушылық жолы, ғылым мен білімнің қоғамды алға жетелейтін күш екенін дәлелдей түседі. Конференцияға аймақтың үздік педагогтары, жас мұғалімдер, ардагер ұстаздар, сондай-ақ білім саласының жетекшілері қатысты. Жиын барысында жаңа оқу жылындағы міндеттер, білім сапасын арттыру жолдары, жас ұрпақ тәрбиесіндегі құндылықтар сөз болды. Конференцияның шымылдығын Сауран ауданының әкімі Мақсат Асылбекұлы ашып берді. Өз сөзінде аудан басшысы соңғы жылдардағы жетістіктерге тоқталды. Атап айтқанда, ауданда бірнеше жаңа мектеп ғимараты бой көтеріп, оқушылар үшін қолайлы жағдай жасалды. Заманауи пән кабинеттерімен жабдықталған білім ошақтары, жаңа спорт залдары мен кітапханалар – жас ұрпақтың сапалы білім алуына айқын үлес қосып отыр.Сонымен қатар, аудандағы мектептердің басым бөлігі интернет желісіне қосылып, цифрлық білім беру жүйесі жолға қойылды. Мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыруға арналған курстар ұйымдастырылып, жас мамандарға қолдау көрсетіліп келеді. «Бұл – тек бастамасы. Алдағы уақытта ауданның әрбір ауылында балалар үшін тең мүмкіндік жасалуы қажет» – деді Мақсат Асылбекұлы.