Аяулы ана Гулнәр Омарқызын еске алу бейнефильмі
Асыл ана, түсімде көрем сені, Бұрынғыдай емессіз неге еңселі?! Мен білсем сізге деген сағыныштың Осынау жұмыр жерде жоқ өлшемі! Тербеп сол сағыныштың күшті ырғағы, Елжіреп елесіңді құштым тағы, Хат байлап қанатына жіберер ем, Бармайды-ау сіздің жаққа құстың бәрі. Ия, анамызды сәл көрмесек сағынып тұрушы едік. Ал, мәңгілікке жоғалту деген... «Жұмақтың кілті ананың табанының астында» деген дана сөзге терең мән беріп, жете көңіл бөле бермейді екенбіз. Асыл анамыздан мәңгілікке айрылғалы осы сөздің қадірін түсінгендейміз. Өзіңді тәрбиелеп, жарғақ құлағы жастыққа тимей өсірген, бар күш-жігерін сен үшін сарқа жұмсаған ата-анамызды еске алып, өткен күндердің тұңғиығына бойлаған сайын ғажайып дүниені басыңнан кешіресің. Көңіл күйің жадырап, қуаныш пен сағыныш сезімі баурайды. Біресе көз жасыңа ерік бересің. Іштей бұрқанған алай-дүлей түсініксіз бір дүние көкірегіңді қысады. Бұл сағыныш па, өкініш пе белгісіз! Біздің өміріміз анамызбен бірге және анасыз күндер болып екіге қақ жарылды...