Еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі фермерлеріне арналған арнайы мемлекеттік бағдарлама қажет!
Мәжіліс депутаты, «Ауыл» фракциясының мүшесі Ерболат Саурықов ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады. Еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі фермерлеріне арналған арнайы мемлекеттік бағдарлама қажет! Бүгін біз ауыл шаруашылығына қатысты аса маңызды мәселе көтереміз. Жамбыл облысының фермерлері соңғы үш жылда бұрын-соңды болмаған сынақтарға тап болды: 1. 2023 жылы қуаңшылық кезінде өтемақы тек суармалы жерлерге берілді, тәлімі жермен айналысқандар қолдаусыз қалды. 2. 2024 жылы мол өнім болғанымен, Ресейдің арзан астығы бағаны құлдыратып, шығын жабылмады, субсидия кешіктірілді. 3. 2025 жылы тағы қуаңшылық болды, бірақ Жамбылда төтенше жағдай жарияланбады, нәтижесінде субсидия да берілмеді. Мыңдаған шаруашылық банкрот болу алдында тұр. ҚазАгроҚаржы дерегі бойынша шілдеде 62 жоба проблемалық болып тіркелген, күзде бұл екі еселенуі мүмкін. Бұл – бүкіл ауыл халқының тағдыры және елдің азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп. Ұсыныстар: 1. Барлық несие мен лизинг төлемдерін бір жылға ешқандай өсімпұлсыз шегеру керек. 2. 2024–2025 жылдарға арналған субсидиялар мен инвестициялық субсидиялар бойынша берешектерді толық өтеуді қамтамасыз етіп, төлем кестесін нақты бекіту керек. 3. Субсидиялау жүйесін қайта қарап, түсініксіз, қайшылықты нормаларды жойып, тек нақты бағытталған, әділ қолдау механизмін енгізу қажет. 4. Қарызын уақытылы өтей алмағаны үшін шаруаларды субсидиядан айыру тәжірибесін тоқтатып, қайта субсидия алу мүмкіндігін беру керек. 5. «ҚазАгроҚаржы» мен Аграрлық несие корпорациясын тарта отырып, фермерлердің жаппай банкрот болуына жол бермейтін дағдарысқа қарсы шаралар пакеті әзірленуі тиіс. 6. Еліміздің оңтүстік өңірлеріне арналған жеке мемлекеттік бағдарлама қажет. 7. Күзгі дала жұмыстарына, тұқым мен жанар-жағармайға арналған өңірлік тұрақтандыру қоры жасақталуы керек.