G
enby!

Жұма уағыз/Разылықтың сауабы/Каримбаев Айбек/ABU BAKIR SYDDYQ мешіті/Жаңатас қаласы/ #аллаһ

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз. Аса рақымды ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Разылық – жүректің Раббысына деген толықтай бойсұнуы мен разы болуы. Бұл – Алланың әрбір тағдырына, жазмышына қарсы келмей, оған сеніп, сабырмен қабылдай білу деген сөз. Нағыз мұсылман басына қандай жағдай түссе де, Аллаға деген разылығын жоғалтпайды. Өйткені ол әрбір жағдайдың сынақ әрі Алланың қалауы бойынша орын алатындығын біледі. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл мәселеге өзінің хадисінде: عَجَبًا لِأَمْرِ الْمُؤْمِنِ ، إِنَّ أَمْرَهُ كُلَّهُ خَيْرٌ ، وَلَيْسَ ذَاكَ لِأَحَدٍ إِلَّا لِلْمُؤْمِنِ ، إِنْ أَصَابَتْهُ سَرَّاءُ شَكَرَ ، فَكَانَ خَيْرًا لَهُ ، وَإِنْ أَصَابَتْهُ ضَرَّاءُ ، صَبَرَ فَكَانَ خَيْرًا لَهُ «Мұсылман адамның ісі қандай ғажап! Оның барлық ісі қайырлы. Бұл қасиет тек мұсылманға ғана тән. Егер ол қуанышқа бөленсе, шүкір етеді және сол ісі оған қайыр алып келеді. Ал егер басына бір қиындық туса, сабыр етеді, бұл да оған қайырлы болады», – деген (имам Мүслим). Бірінші разылық: тағдырға шағым айтпау, разы болу Кей адамдар өмірінің кейбір сәтінде, көңілі толмай, шағым айтып отырады. Яғни жақсылыққа да, жамандыққа да наразылық танытып, бай болса да, кедей болса да, әлденеге разы емес. Әр нәрседен көңілін бұзатын тұстар тауып алады да, қуаныш пен жақсылықты көруден қалып қояды. Әр жағдайға наразылық танытатын адамдармен сөйлесу де ауыр, себебі әр кісінің өз бастарында да уайымдары жетерлік, сол себепті біреудің мұңын тыңдап, жүктемесін еселегісі келмейді. Бір ақын бұл туралы былай айтқан екен: Адамдарға мұңымды ашқым келмейді, Жүк артармын, мені кімдер елейді? Құдайға шақсам мұңымды, қалай екен? Алладан артық, ешкім мені білмейді. Бір өкініштісі, кейбіреулердің денсаулығы бар, байлығы бар, бәрі жетіп тұр, бірақ үнемі қабағы қатулы, түрі суық. Күлсе де, ол кездейсоқ қателік сияқты, күлгенін тез ұмытып, қайтадан қайғысын есіне алып, мұңына батып кетеді. Бір күні Фудайл ибн Ияд келе жатып, жол жиегінде бір адамның әлдебіреуге мұңын шағып отырғанын байқап қалады. Әлгі жан зарға толы дауыспен өмірдің қиындығын, тұрмыстың ауыртпалығын, басына түскен бәлелерді тізіп айтып отыр екен. Фудайл тоқтап қарап тұрып, сәл кідіріп: – Сен өзіңе рақым етіп тұрған Аллаға деген мұң-шағымыңды, саған рақым етпейтін адамға айтып тұрсың ба? – деп жұмсақ түрде, бірақ салмақты үнмен тіл қатады. Сол бір ауыз сөз найзадай қадалып, адамға ой салатын сөз еді. Иә, шынында да, кімге мұң шағамыз? Қайғыңды арқалап, шарапаты жоқ пендеге төндіріп жатсаң, жүрегіңдегі разылық қайда қалды? Абай атамыздың келесі өлең жолдары ақиқаттың айғағы екен: Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме, Қызық келсе қызықпа, оңғаққа ерме. Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде, Сонан тапқан шын асыл, тастай көрме. Жаратушы барлығын естіп-біліп тұрғанда, әлсіз пендеден жұбаныш іздеу өзіңді-өзің жұбата алмаудың, жүректегі сенімнің әлсіздігінің белгісі болса керек. Ал кім жүрегін разылықпен байытып, сабырмен сәндесе, соған Алланың өзі қуаныш сыйлайды екен. Тағдырға дұрыс иман келтірген адам рахат өмір кешеді. Өйткені ол ризық-несібе үшін алаңдап, жүйкесі жұқармайды. Ризықтың өлшеулі екенін біледі. Жұмыста қысқартуға ұшырап қалса, ол үшін өмірден түңілмейді. Өйткені ол Алла сексен жыл өмір берген болса, сексен жылдық ризығы қамтамасыз етілгенін жақсы біледі. Тағдырға дұрыс иман келтірген адам басқаларға жалтақтап, олардан қорқып өмір сүрмейді. Өйткені тағдырда бар нәрседен қашып құтыла алмайтындығын, тағдырда жоқ нәрсеге ешқашан кезікпейтіндігін біледі. Сүйікті Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Ибн Аббасқа былай деп өсиет еткен екен: وَاعْـلـَمْ أَنَّ الْأُمَــّةَ لَوْ اجْتَمَعَــتْ عَلَى أَنْ يَنْفَعـُوكَ بِشَـيْءٍ لَـمْ يَنْفَعُـوكَ إِلَّا بِشَـيْءٍ قَدْ كَتَبـَهُ اللَـّهُ لـَكَ وَلَوْ اجْتَمَعُـوا عَلَى أَنْ يَضُرُّوكَ بِشَيْءٍ لَمْ يَضُرُّوكَ إِلَّا بِشَيْءٍ قَدْ كَتَبـَهُ اللَّـهُ عَلَيْـكَ رُفِعَــتْ الْأَقــْلَامُ وَجَفَـّتْ الصُّحُـفُ. «Біліп қой! Бүкіл үмбет бірігіп, саған бір пайдасын тигізбекші болса, Алла жазған пайданы ғана тигізе алады. Сондай-ақ  барлығы бірігіп, саған бір зиян келтірмекші болса, Алла жазған зиянды ғана келтіре алады. Қаламдар жазудан тоқтап, парақтар кеуіп кеткен» (Имам Термизи). Мұны сезінген адам рахатта өмір сүреді. Ендеше тағдырға илану бізді жарқын өмірге жетелейтін, бізге позитив сыйлайтын, күш беретін фактор болуы тиіс. Ендеше, осы үнемі шағым айтып, разы болмаудың себебі не? Ол санадағы білім мен жүректегі даналықтың жетіспеушілігі. Адам өз Жаратушысын, Оның әр ісінің хикметін түсінбегендіктен Аллаға разы болмайды, Оның бергеніне шүкір етпейді. Мұндай адамның қолындағы нығметтері көп ұзамай қолынан шығып кетуі әбден мүмкін. Ал, шүкір етудің өз алдына алар орны ерекше. #бақара #жұма #бакара #құран #алла #азан #мешіт #аят #дұға

Смотрите также