БӨГЕН СУЫНЫҢ ТҰЗЫ КӨБЕЙДІ, ХАЛЫҚТЫҢ ТӨЗІМІ АЗАЙДЫ
Түркістан өңіріндегі тіршілік нәрінің күретамырына айналған Бөген су қоймасы 1960 жылы салынған. Сол жылдардан бері бірде бір шеге қағылмаған, жөндеуден өтпеген.Алайда бүгінде бұл ескірген, елеусіз қалған алып нысан бес бірдей ауданды сумен қамтамасыз етіп отыр. Халыққа су – ауадай қажет. Бірақ, ең сорақысы – халықтың аманаты болған су қоймасы жекенің қолында. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы жөндеу көрмеген Бөген кез келген уақытта апатты жағдайға ұшырауы мүмкін. Егер бөгет жарылса, оның астындағы елді мекендер, егістік, мал-мүлік – бәрі қас-қағым сәтте жоқ болуы мүмкін. Бұл жай қауіп емес,бұл болуы мүмкін апат. Халықтың жанайқайы біреу-ақ. Бөген су қоймасы мемлекет меншігіне қайтарылып, жөндеу жұмыстары жүргізілсін. Тіршілік көзі – бизнес көзі емес халықтың ортақ байлығы болуы керек,-дейді тұрғындар.