Қазақстандағы жаппай отаршылдық.Қоныс аударту саясаты
Жүз мыңдаған орыс шаруаларын Ресейдің шеткі аймақтарына қоныс аударудың басты себебі - 1861 жылғы крепостной правоны жойғаннан кейінгі Ресейде қалыптасқан аграрлық қатынастар еді. Аталған реформа шаруалардың жағдайын жақсарта алған жоқ. Керісінше, басыбайлықтан босаған шаруалар жердің жетіспеуін сезінді. Сөйтіп олар амалсыз шеткі аймақтарға көшуге мәжбүр болды.Шаруаларды ішкі Ресейден Қазақстанға қоныс аудару жөнінде алғаш рет бастама көтерушілердің бірі Жетісудың әскери губернаторы Г.А. Колпаковский еді. 1868 жылы оның тікелей басшылығымен «Жетісуга шаруалардың қоныс аударуы туралы уақытша Ережелер» жасалды. Онда қоныс аударушы шаруаларға бірқатар жеңілдіктер мен артықшылықтар беру көзделді. Шаруалардың әрбір ер азаматына 30 десятинадан жер телімі бөлінді. Олар барлық алым-салық түрлерін төлеу мен міндетті борыштарды атқарудан он бес жыл бойы босатылатын болды. Қоныс аударушы шаруаларға пайыздық өсімсіз қарыз берілді.