ЕАЭО-ға мүше елдер ГМО өнімдеріне талапты күшейтпек
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер құрамында гендік модификацияланған организмдер бар өнімдерге талапты күшейтпек. Енді ГМО көлемі қалыпты 0,9%-дан асып кеткен өнімнің қорабында «ГМО» таңбасы үлкен әріптермен жазылады. Бұрын мұндай жазу ұсақ әріппен берілетін. Еуразия экономикалық комиссияның баспасөз қызметі осылай хабарлады. 5 елге ортақ ереже осы жылдың соңында күшіне енеді. Ал әлемдік ғылыми қауымдастық әлі күнге гендік түрленген өнімдердің пайдасы мен зияны туралы біржақты шешім шығара алмай отыр. Гендік модификация: «иә» немесе «жоқ». Әлем қақ жарылып тұр. «ГМО мәдениеттің» бастауы сонау 80-жылдары десек те, әлемдік ғылыми қауымдастық әлі күнге ортақ тұжырымға келген жоқ. Бірі – бұл адамзатты аштықтан аман алып қалудың жолы десе, енді бірі керісінше, ГМО адамзатқа жасалған қастандық деп есептейді. Гендік модификацияланған өнімді бір кісідей зерттеп келе жатқан академик Төрегелді Шарманов ГМО-ны қолдайды. Мұндай өнімдер рак ауруын тудырады, ағзаны улайды дегенмен де келіспейді қарт ғалым. Себебі адамның гені тамақтан бұзыла салатындай әлсіз емес.