G
enby!

"Мұстафа Шоқай жолымен" деректі фильм / Қасымхан Бегманов

«Жаман ұлттар жоқ, жаман адамдар бар, мейрімді мемлекеттер жоқ, мейрімді адамдар бар» Мұстафа Шоқай Желтоқсан айында Алашорда үкіметінің құрылған, Мұстафа Шоқай дүниеге келген, өмірден өткен, Тәуелсіздік үшін жан алып, жан беріскен кешегі Желтоқсан көтерілісі, бәрі ойлы адамның жанын мұңға бөлейді. Тəуелсіздік – кездейсоқ келе қалған сый емес, бұл ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы арман еткен игі тілегі, күрес жолы. Желтоқсан айы… «Мұстафа Шоқай жолымен» деп аталған бұл деректі фильмге М.Шоқайдың туған жерінен бастап, фәни дүниеден өткенге дейінгі барған-тұрған жерлері арқау болды. Мұстафа Шоқай болды, жүрді, тоқтады деген жерлерді түгел аралап, қажетті құжаттарды жол бойы жинадым. Түркістан уақытша үкіметі құлағаннан кейін, Мұстафа Шоқай бой тасалаған Қоқандағы ескі бейітті, Ферғанадағы Гаухана, Елеш қышлақтарын араладым. Санкт-Петербор Мұстафа Шоқайдың студенттік кезі, саяси қайраткер ретінде қалыптасқан шағы көз алдыңда елес береді. Санкт-Петербор сапарының ең маңызды тұсы – Мұстафа Шоқайды «Санкт-Петербор тұлғасы» медалімен марапаттау жөніндегі шешімді шығаруға біздің экспедицияның ықпал еткенін мақтаныш сезіммен еске аламын. Мұстафа Шоқайдың Кавказдағы табаны соңғы рет тиген жері – Батуми мұрағатынан оның сүйікті жары Мария Шоқайға берілген куәлік құжаты және Шоқайдың Кавказ жеріндегі баспасөздерге жазған көптеген мақалаларының көшірмелері алғаш рет табылды. Еуропа және Ыстамбұл сапары. Бұл – Мұстафа Шоқайдың Совет өкіметінің жүргізген қитұрқы саясаты мен өктемдік әрекеттеріне өркениетті қауымның назарын аударып, ерен еңбек атқарған кезеңі. Темірбек Жүргеновтың жақын жиені, тоқсанның үстіне шыққан Әлім Алмат қариямен болған сұхбат оқырманның жанын тебірентерлік. Париж, Берлин сапарындағы көптеген ғалымдардың, зиялы қауымның Мұстафа Шоқай туралы естеліктері де елең еткізердей. «Ел тәуелсіздігінің осынау жиырма жылында жеке басы үшін соттасқандар арамызда өте көп. Ал ұлт қайраткері үшін соттасқан арамызда жалғыз-ақ қазақ бар. Ол осы кітап пен деректі фильмнің авторы – зертеуші ақын Қасымхан Бегманов», – деп жазған еді тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Мәмбет Қойгелді ағамыз. Өкінішке орай бұл – шындық. Мұстафа Шоқай үшін соттасуыма да тура келгенін оқырман жақсы біледі. Мұның бәрі Тәуелсіздігіміздің жеңісі, жемісі. Сол Алашордашылар, Мұстафа Шоқай осы Тәуелсіздіктің жолында өздерін құрбан етті... ...Қанша уақыттан соң екені маған дәл осы сәтте белгісіз, бірақ әйтеуір бір сәтті күні біз жүріп өткен осынау қасиетті де, қасіретті ұлы жолмен тағы бір экспедиция сапарға шығары хақ. Ол экспедиция біздікіндей емес, үкіметі жан-жақты қолдаған, асай-мүсейі түгел, түсіру техникасы өз заманына сай, қаражаты жеткілікті, мамандары түгел болады деген ішкі өз болжамыма шын сенгім келеді. Ал бұл еңбектің сол сапарға шығатын үлкен-кішіге азды-көпті себі тиіп, кәдеге жарайтыны анық. Иә, Алла менің бұл тілегімді қабыл еткей. Себебі, қазақ баласы үшін ұлт бостандығы, ел мен жердің тәуелсіздігі жолындағы күрестен басқа қасиетті ештеңе жоқ. Болған да емес, болашақта да болмасы анық. Осы қасиетті жолдан арларына дақ түсірмей, абыроймен өткен ұлыларымызды іздеу алдағы келетін барлық дәуірлердегі ұрпақтардың басты борышы ғой деп білемін. Қай замандарда да Мұстафа Шоқайдай алыбымыздың дұшпандары қалғи қоймайтынына уақыт көзімізді жеткізіп келеді. Өйткені Мұстафа Шоқайдың арманы, мақсаты, жолы қасіретті, қасиетті Түркістанның бүгінгі, ертеңгі дұшпандарына мәңгі тыным бермесі анық. Олардың түн ұйқысын қашырып, үнемі мазасын инедей шаншып ала берері хақ. Алдағы қай дәуірлерде болсын осылай бола берері бұл күндері бізге анық белгілі болып отыр. Сондықтан Мұстафа Шоқай рухын асқақтатып, оның жолымен жүргісі келген ұрпақтар өліспей беріспейтін ұлы Түркістан үшін қасиетті майданға әркез дайын болғаны жөн. Мұстафа Шоқай: «Жаман ұлттар жоқ, жаман адамдар бар, мейрімді мемлекеттер жоқ, мейрімді адамдар бар», – деп тегін жазған жоқ. Ғұламаның ғазалға бергісіз ғазиз ойларының кейбірі ғана бізге аман жетті. Жетпегені өртеліп, желге ұшып кетті. Мұстафа Шоқайдай ғазизімізді шексіз сүйгендер мен оны барлық замандарда қолдағандардың баршасына, арман-мұратының түбі бір іске асатынына күмәнсіз сенетіндерге екі дүниеде Мадақ! Иә, бізге Алла жар болғай, бауырларым!

Смотрите также