7 БӨЛІМ видео КЕЗДЕСУ 51 ЖЫЛ 03 07 2023
Қымбатты достар! Аса қымбатты менің курстастарым! Қолым тимегендіктен 2023 жылғы 51 жылдық кездесуімізде түсірілген видеоларды қайта өңдеп Сіздердің назарларыңызға ұсынудың сәті енді түсті! Бүгін сол 7 видеоларды бәрін қайта өңдеп Ютубқа салып, Сіздердің назарларыңызға ұсынайын деп отырмын. КӨРІҢІЗДЕР, ТАМАШАЛАҢЫЗДАР, ЕСКЕ ТҮСІРІҢІЗДЕР ЖӘНЕ САҚТАП ҚОЙЫҢЫЗДАР, ДОСТАР! Осы орайда Сіздерге өткен тарихымыз болып қалған біздің аса қуанышты күндеріміз жөніндегі өткен күн белестеріне ТАҒЫ БІР шолу жасап кеткенді жөн көріп отырмын. Естеріңізде шығар біздер, Жамбыл педагогика институтының 1972 жылы екінші кезекте бітірген түлектері үстіміздегі жылдың шілде айының 3-інші жұлдызында 51 жылдық кездесуімізді ойдағыдай өткіздік. Сол күні институмыздың бас ғимаратында таңертеңгі сағат 10-00-де басталған кездесуіміз, қаладан шамамен 18 шақырым қашықтықтағы тура ортасынан Аса өзені ағып жатқан, арнайы шомылу алаңы, қонақжайы бар, орман-тоғайлы, сулы-нулы, әсем пейзажды «Шөлдала» арнайы демалыс аймағында орналасқан демалыс кешенінде күндізгі сағат 14-тен кешкі 21-ге дейінгі аралықта дәстархан басында жалғасын тапты. Кездесуімізде өлең де оқылды, әрқайсысымызға ортақ жинақталған қаражаттан арнайы естелік сыйлықтар үлестірілді, сондай-ақ қыздар тарапынан өздері алып келген сыйлықтарын тапсыру рәсімдері жасалды, ән де айтылды, би де биленді, әңгіме-дүкен де құрылды, естелік суретке де түстік, тек, несін жасырайық, тау өзеніне суға түсіп шомылған жоқпыз. Бір қуаныштысы, ең жасы 71-де, ең үлкеніміз 75-76-ға келгендігіне қарамастан кездесу барысында өткен сауық-сайрандық іс шараларымызға бәрі бірдей атсалысқанын айтсаңызшы! Бір де біреуі томсырайып орнында отырып қалған жоқ! Бәлкім, бұған кездесуді ұйымдастырушылардың, тамадаларымыздың шеберлігі де себеп болған болуы керек. Бәлкім, бұл кездесуге деген құштарлық салдарынан туындаған үлкен қуанышты көңіл-күй салдары болуы да ғажап емес болар. Кездесуіміздің тамадаларының бірі Ф-11 группасының байырғы студенті ежелгі Қазықұрттың төл тумасы Ташимбетов Әлжан деген өз курстасымыз болса, екіншісі марқұм курстасымыз Ленгір ауданының төл тумасы Жаңабаев Жандарбек Арыстанұлы кезінде Жуалы ауданында өзі бас болып ұйымдастырған, қазір Жамбыл облысы былай тұрсын, бүткіл республикаға танымал болған "ЖАҢАБАЕВТАР ЖАНҰЯЛЫҚ АНСАМБЛІНІҢ" қазіргі кездегі жетекшісі курстасымыздың үлкен ұлы Жандарбекұлы Нұркен болатын. Сонымен, кездесуіміз өте қызықты болып басталды, өте тартымды аяқталды. Кездесуіміздің өзгелерден тағы бір ерекшелігі кездесуіміздің айғағы, әрі ұрпақтарымызға естелік ретіндегі "Жылыстап кеткен жылдарым — студенттік кездегі сырларым" атты 434 беттік кітаптың шығуы болды деп айтуымызға әбден болады. Бұл кітаптың да презентациясы ақ дәстарқан басындағы отырыста салтанатты түрде өткізіліп, курстастарымызға тегін таратылды. Сонымен достар, кездесу сәтінен естелік ретінде бес жүзден аса сурет қалды. 2023 жылдың шілде айында естелік ретінде, яғни 51 жылдық кездесуімізді мәңгі есте қалдыру мақсатында сол түскен суреттерімізді іріктеп, сапасыз түсірілгендерін алып тастап жасалған ФОТОШОУЛАР ЮТУБ-ке салынып барша курстастарымыздың назарларына ұсынылды. Сіздерге деген құрметпен курстастарыңыз Орынбек Әкімұлы 06.08.2025