Синтетикалық есірткінің құлына айналған қазақстандық жастар көбейді
Қазақстанда әсіресе синтетикалық есірткіге тәуелді адамдар көбейді. Өкініштісі, олардың көбі -жастар. Мәселен қазірдің өзінде елімізде 18 мыңнан аса адам нашақор ретінде диспансерлік есепте тұрса, олардың ішінде жастардың үлесі 16 пайызды құрап отыр. Бастапқыда қызығушылықпен тартып көріп, ақыры нашақорға айналған азаматтың өкініші қандай? Есірткіге тәуелділіктің соңы неге соқтырады? Абай Нұржанұлы анықтап көрген еді. Аты-жөнін жасырып, бет-жүзін көрсетпеуді сұраған бұл азамат соңғы бес жылдан бері есірткісіз өмір сүруге талпынып жүр. Отыз жастағы Қызылорда тұрғыны жаман әдеттен айырылу үшін көбіне ерік-жігер жетпей жатады,- дейді. О баста есірткіні достарымен көңіл көтеру үшін пайдаланған ол қалай тез арада тәуелді болғанын түсінбей қалған. Ал өзіне бақылауды жоғалтқан сәтте наркотикалық заттардың бірнеше түрін қолданып көріпті. Қазір өткені үшін өкініш өзегін өртейді. ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: – Өмірім астаң-кестең болды. Анама обал болды. Қазір қойғым келеді. Бірақ қоя алмайсың. Іздейсің. Нарколог дәрігерлер қазір жастар арасында есірткіге әуестік жиілеп кеткенін растайды. Әсіресе синтетикалық есірткіні көп қолданатын болған дейді. Ал түрлі химиялық қоспалардан жасалатын бұл түрі адамды бір рет пайдаланғаннан-ақ тәуелді қылады екен. Синтетикалық есірткіге еліткен адамның жүйке жүйесі бірден зақымданады. Сөйлеу, есте сақтау қабілеті нашарлайды. Ұйқысыздық, мазасыздықтан бөлек күйзеліске түседі. Қан тамырлары ауруларына шалдығады. Тіпті мұндай адамдарды емдеу бізге ауыр соғады дейді дәрігер. ГҮЛӘЙІМ СЕЙІЛХАНОВА, дәрігер: – Ең маңызды органдардың функцияларын күйреткеннен кейін ол тұлға ретінде күйрейді. Барлық өмірдегі құндылықтарын жоғалтады. Ондай азаматтардың өмірі өте қысқа болады. Соңғы есеп бойынша елімізде 3 мыңдай жас нашақор ретінде есепке алынған. Қазір есірткіге тәуелділіктен емделіп жатқандардың арасында кәмелетке толмаған жасөспірімдер де жетерлік. Дәрігерлер бұлардың барлығы бір сәттік көңіл көтеру үшін пайдаланып, ақыр соңы соның шырмауынан шыға алмай қалғандар дейді. Абай Нұржанұлы, Рахымжан Ысқақов Бізді әлеуметтік желіде оқыңыздар: Youtube - / @informburo31kanal Facebook - / informburo31 Instagram - / informburo31 Vkontakte - https://vk.com/informburo31
TikTok - www.tiktok.com/@informburo31 WhatsApp Информбюро +7 777 331 31 31 #есірткі #Меф #наркотики