Үш жұрт (сөздері сипаттамада)
ҮШ ЖҰРТ Небір дауда оңайлықпен алдырмас Атам қазақ айтқанының бәрі рас. Сонау күннен бізге жеткен мына сөз: "Ер жігіттің үш жұртының" бары рас. Біріншісі - Өзің жұртың екен де, Кіндік кескен туған ата мекенде. Өзің жұртың күншіл дейді, Күншіл деп Ағайыннан безіп алыс кетем бе? Екіншісі - Нағашы жұрт, Жақының, Олар барда кетпес аттан тақымың. Бұлар сыншыл, Еркелікті көтерер, Жиендік қыл, Жетер болса батылың. Үшіншісі - Қайын жұртың, Сыйлайтын, Ешқашан да жамандыққа қимайтын. Қайын жұртың Ел айтқандай Міншіл ме, Келе қалсаң Дастарқанын жимайтын. Міншіл дейді-ау, Міншілдігін көрмедім, Келіп едім, Міне, тағы төрдемін. Қызын алдым, Өсіп-өндім, Дейтіндей: "Күйеу балам, биіктерге өрлегін". Ағайыннан безіп алыс кете алман, Кетсем алыс, Қайтып мәнгі жете алман. Сондықтан да өз жұртыңмен бол бірге, Солай дейді Бабалардан бата алған. Өзің жұртың - Бір атаның баласы, Іштерінде кезігетін аласы. Сол себептен ұғыса алмай кей-кейде, Бір-бірімен болып тұрар таласы. Соған бола бет жыртуға бола ма, Ала ауыздар бұл дүниеде оңа ма? Ренжісіп, Сызат алған көңілің Орта түсер, Бірақ қайта тола ма? Өмірден бұл түйіп жүрген пайымым Алдамаса - Болмағаны уайымым. Ер жігіттің - Отбасының ұйытқысы Ойлантады үш жұртының жайы мың. Өзің жұртың біреулерге нағашы, Бұлардың да көп екен-ау аласы. Ата жаудай өзді-өзімен қырқысқан, Қайтсін олар жиендерді, Ағасы. Бұл қалай деп кімге кінә тағайын, Нағашының көріп жүрміз талайын. Ит-мысықтай ырылдасқан, Аңдысқан Кездеседі ағайын мен ағайын. Бұл өмірден түйгендерім - тап шыным, Ғұмыр қысқа сабындай-ақ қамшының. Тірісінде сыйласпайтын туыстың Жүрегінде қалар дәйім тамшы мұң. Дана қазақ сөйлесінші, Сөйлесін, Сөйлегенде шындықты айтпай Не десін: "Тірісінде сыйласпаған жақындар Өлгенде де мүрдесіне келмесін!" Үш жұрт жайлы Қойған сонша сауалым, Және оған қайтарған да жауабым, Жұртшылықтың шығып жатса ойынан, Онда менің жоқ дер едім алаңым. 1997 жылы шыққан "Хантәңірі" кітабынан