Ырғыздың балығын ақтөбеліктер таласып алып кетті
5 тонна ет, 1 тонна балық пен 300 литр сүн өнімдері. Бұл ырғыздықтардың қала тұрғындарына арнап әкелген азығы. Сенбі күні "Табыс" коммуналдық базарында Ырғыз ауданының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Шара "Туған елге тағзым" акциясы аясында ұйымдастырылды. Аудан орталығы мен 7 селолық округ өз өнімін ұсынды. Мұндай жәрмеңкенің ұйымдастырылуы жергілікті тауар өндірушілер мен тұрғындарға да тиімді. Ырғыздықтар қой етін -800 теңгеден, сиыр етін 1000 нан, ал жылқы етін 1300 теңгеден саудалады. 28 тонна бау-бақша өнімі де бар. Жәрмеңкеде тауар өндірушілер бірнеше миллион теңгенің өнімін сатты. Ырғыздан 20 шақты Камазға тиеліп әкелінген азық-түлік сатылып кетті. Жәрмеңкеде ақтөбеліктер 28 тонна көкөніс, 5 тонна ет, 300 литр шұбат пен қымызды сатып алды.