G
enby!

✅Ібілістің саудасы

✅Ібілістің саудасы Бірде Ғайса он қашыр мен бес есекке жүк артқан Ібілісті көрді. – Әй, Ібіліс, қайда асықтың? – деді. – Базарға. – Не апара жатырсың? – Он қашыр мен бес есекке артқан жүгім бар. – Жүгің тым көп екен. Сатып үлгересің бе? – Менің тауарымның қаны жерге тамбай тұр. Пышақ үстінен сатылып кетеді. – Сонша қат болатындай не қылған зат ол? – Бір есекке шылғи өтірік пен жалғанды арттым. Екінші есегіме айла мен қулық-сұмдықты теңдедім. Үшінші есектің сандығында зорлық-зомбылық жатыр. Енді біріне күншілдік артылған. Талтайып жүре алмай келе жатқан мына есегіме тәкаппарлық пен өзімшілдікті арттым. Құдай қаласа, ең тез сатылатын тауарым осылар. Ғайса күліп: – Бұларың киер киім, не ішер ас емес, оларды кім алады? – деді. – Сенбесең, бірге жүр. Өз көзіңмен көресің, – деді. Екеуі базарға келді. Базардағы жұрт Ібілістің керуенін тағатсыздана күтіп отыр екен. Ібіліс: – Базар әлі қызбапты. Қазір бұл базардың саудасын қайнатам, – деді де тауарларын шығара бастады. Жұрт ең бірінші өтірікке бас салды. Ібіліс ақшаға батты да қалды. Екінші қанар да ашылды. Одан қулық-сұмдық, мекерлік пен айла шықты. Алыпсатарлар таласып қалды. Кейбіреулері сол жерден шыға бере, үстіне баға қосып, қайта сатты. Ібіліс ақшаны қабына тоғыта берді. Күншілдік пен іштарлықты күтіп тұрған жұрт үшінші қанарға жабысты. Бұл тауарға көбіне абысын-ажынымен, көрші-қолаңымен бақталас қатын-қалаштар үйір екен. Олар да бағасына қарамады. Сұраған ақшасын лақтырып, тауарды талап алды. Әкім-қаралар «зорлық-зомбылық салынған қаптарды қашан ашады» деп күтіп тұр екен. Ібіліс қаптың аузын ашқанша олар бірін-бірі таптап кете жаздады. Ақшасын тіпті алтынмен төлеп, барлығын сатып алды. Ібіліс Ғайсаға қарап: – Бесінші қапта ең қымбат тауар жатыр, – деді. Ғайса: – Онда не бар? – деп сұрады. – Онда тәкаппарлық пен өзімшілдік жатыр. – Оны кім алады? – Қуыс кеуде, сауатсыз, өмірде жолы болмаған дарынсыз, кеудесі нас надандар – осы тауардың құлы, – деді. Ә, дегенше бесінші қап та ашылды. Тауар сыртқа шашылды. Кілең қуыс кеуде надандар лап берді. Тауардың бағасы сол жерде қымбаттап бара жатса да алушы азаймады. Керісінше, жетпей қалып, арты талас-төбелеске ұласты. Мына сұмдықтан шошынған Ғайса: – Әй, малғұн, тауарың бітті ме? – деп дауыстап жіберді. Ібіліс: – Жоқ. Он қашыр жүк әлі ашылған жоқ. Оны да күтіп отырған бір қауым ел бар, – деді. – Онда не бар? – Қазір көресің, – деп, қашырдағы жүгін түсірді. Онда бос сөз, дарақы күлкі, даңғаза той, мәнсіз әзіл, сауық-сайран, өсек-аяң, мақтаншақтық, ысырапшылдық, жағымпаздық, еріншектік, жалқаулық, салақтық бәрі толып жатыр екен. Әп-сәтте алушы жұрттың қарасы да көбейіп, кезекке тұрды. Ғайса жағасын ұстап: – Ібіліс сенің тауарыңа қызықпайтын адам бар ма? – деп сұрады. Ібіліс: – Өкінішке орай, ондайлар да бар, – деді. – Кімдер? – Жүрегі таза момындар. Мен оларды еш қызықтыра алмадым, – деп күрсінді Ібіліс. Ғайса базардағы жұрт үшін Құдайдан кешірім тіледі де, жүрегі таза момындарды іздеп, базардан шығып жүре берді. "ӘЛДИДЕН ЭПОСҚА ДЕЙІН" кітабынан. #ібілістіңсаудасы #ібіліс #ғайсапайғамбар #базар #Қисса #құндылық #тәрбие #өнеге #аманат #аңыз #әңгіме #хикаят #қазақтілі #хикмет #руханият #руханипортал #бабаларсөзі #отбасыхрестоматиясы #санжаркерімбай

Смотрите также