Күн жүйесінің планеталары ¦ Балдырғандарға арналған бейнеролик
Біздің бүгінгі тақырыбымыз – Күн жүйесінің планеталары. Сегіз планетаны Күннен қашықтығының артуы бойынша атайық – Меркурий, Шолпан, Жер, Марс, Юпитер, Сатурн, Уран және Нептун. Олар Күнді белгілі бір орбиталармен айналады. Меркурий – Күн жүйесіндегі ең кішкентай планета. Меркурий Күнге жақын болғандықтан, онда күндіз өте ыстық, ал түнде өте суық. Екінші ғаламшар Шолпан – планеталар ішіндегі ең ыстығы және ең жарығы. Таңда және кешке көрінетіндіктен, оны таңғы жұлдыз немесе кешкі жұлдыз деп атайды. Күн жүйесіндегі үшінші ғаламшар – біздің планетамыз Жер. Жер бетінің 70 проценттейін су алып жатыр, сондықтан Жерді көгілдір планета деп те атайды. Ол – тіршілік бар екені белгілі жалғыз планета. Төртінші планета – Марс. Ол Қызыл планета ретінде де белгілі, өйткені онда қызыл түсті топырақ пен тау жыныстары бар. Бесінші және Күн жүйесіндегі ең үлкен планета – Юпитер. Оның алыптығы сонша, оның ішіне 1300 Жер сыйып кетеді. Алтыншы ғаламшар, яғни Сатурн – Күн жүйесіндегі үлкендігі екінші планета. Ол сарғыш түсті. Оның айналасында мұз бен тозаңнан тұратын әдемі сақиналар бар. Жетінші планета – Уран. Бұл ғаламшарды қалың газ қабаты жауып жатыр. Сегізінші планета – Нептун. Бұл планета Күннен ең қашық орналасқандықтан, ондағы суық желдер өте күшті. Түпнұсқа: • Planets of the Solar System | #aumsum #kid... Қазақшалаған "Физика және Ғарыш" арнасы Мәтінді оқыған Томирис Отарбаева