Еркін күрестен жастар арасындағы әлем чемпионаты жалғасып жатыр
Куруглиев күміс, Айтанов қола жүлдегер. Болгарияның Самоков қаласында күрес түрлерінен жастар арасындағы дүниежүзілік дода жалғасып жатыр. Жарыстың кезекті күні еркін күрес бойынша соңғы медальдар сарапқа салынды. Қазақстан құрамасының өкілдері тағы екі медаль жеңіп алды. Атап айтқанда, 92 келідегі Камиль Куруглиев финалға дейін жетіп, ақтық сында өзбекстандық Шерзод Поеновқа есе жіберді. Қорытынды есеп 3:2. Осылайша Камиль күміс жүлдегер атанды. Артынша 57 келідегі Нұрданат Айтанов қола жүлдеге қол созды. Жалпы алғанда биылғы әлем чемпионатынан еркін күрес шеберлері 5 медаль жеңіп алды. Оның біреуі алтын. Күні кеше ауыр салмақтағы Едіге Қасымбек топ жарған болатын. Едігенің алтынын тарихи жетістік деуге де болады. Өйткені тәуелсіздік алған жылдардан бері дәл осы салмақта жастар арасындағы әлем чемпионымыз болмады. Бұған қоса қоржынымызда 1 күміс және 3 қола бар. Күмісті жоғарыда айтқан Камиль Куруглиев, ал, қолаларды Нұрданат Айтанов, Самир Дурсунов және Досжан Құлғайып жеңіп алды. #ХабарСпорт #Спорт #Қазақстанспорты