Облыс әкімі Қармақшыдағы наурыз мейрамына қатысты
                        
                        Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қармақшы ауданында болып, Наурыз мейрамына арналған той-думанға қатысты. Мерекелік іс-шарада бүлдіршіннің тұсауын кесіп, тәй-тәй басқан балақайға ақ жол тіледі.  Қармақшының орталығында ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, мол дастархан жайылды. Әрқайсысына қала мен ауылдардың атауы берілген. Әрбір киіз үйдің алдында ұлттық құндылықтарымыз ұлықталып, салт-дәстүр дәріптелді. Көпшілік қойылымдарды тамашалап, сан ғасырдан үзілмей келе жатқан жөн-жоралғылардың куәсі болды. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев тәй-тәй басқан бүлдіршіннің тұсауын кесті.   Құт қонған Қармақшы ауданы қарқынды дамып келеді. Өткен жылды табысты түйіндеген аудан халқы, жаңару жылында жақсылықтан үмітті. Жиналған көпшілікті әз Наурызбен құттықтаған аймақ басшысы өңірдегі толымды тірліктер мен өрелі істерді тілге тиек етті. Ауданның әлеуметтік экономикалық ахуалын арттыру мақсатында атқарылатын жұмыстармен де бөлісті.  НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ // Осы жылы Жосалы кентінде жаңадан ашылатын Тәуелсіздік ықшам ауданына газ желілерін жеткізу жұмыстары жүргізіледі. Төретам кенті, Ахай ауылы жақын күндері көгілдір отынға қосылады. Жалпы құны 7 млрд. 172 млн.теңге болатын Дүр Оңғар ауылына газ желісін жүргізу құрылысы басталады. Осылай ша Дүр Оңғар ауылының айналасында орналасқан ауылдарды да газға қосуға мүмкіндік болады. Барлық атқарылып жатқан толымды істер аудан халқының тұрмыс сапасын арттыруға оң әсерін тигізеді деп сенемін.   Қыс бойы бірін-бірі көрмеген көпшілік осы күні төс қағыстырып, құшақтасып, қауышып, мәре-сәре болды. Орталық алаңда бірі асық атуды үйреніп жатса , енді бірі  бес тас ойнауға асықты. Балуандар боз кілемде белдесті. Қошқар көтерген балуандар көпшіліктің делебесін қоздырды.   ЕЛДОС АСАН – ТІЛШІ //Ұлыстың ұлы күнінде ұлттық спорт түрлері де дәріптелуде. Бұл маңда жігіттер ләңгі тебу сайысынан сынға түсіп жатыр. Ең көп тепкен ойыншыға қомақты сыйлық та бар екен. Сондықтан жігіттер ешкімге дес бермеуге тырысуда. Бізде бағымызды сынап көрейік.  Әрбір шаңырақтың жанында қазан-қазан наурыз көже дайындалып, думанды тойды тамашалауға келген көпшілікке үлестірілді. Дәстүрлі тағамға жеті түрлі дәннің қосылуының өзіндік себебі бар дейді, аспазшылар. Биыл, ел бойынша Наурызды нақышына келтіріп тойлаудың он күндігі бекітілді. Мерекені осылай кең көлемде тойланып жатқанына тұрғындарда дән риза.  Аудан өнерпаздары сахнада қойылымдар қойып, әннен шашу шашты. Осылайша қармақшылықтар Ұлық күнді ерекше көңіл-күймен тойлады.   Сайт - https://qyzylordatv.kz/ru/live
 Facebook -   / qyzylordatv    Instagram -   / qyzylordatv   Telegram - https://t.me/qyzylords_tv
 Tiktok -  / qyzylorda_tv      
                    
                    
 
  
             
  
             
  
             
  
            