Ғабит Мүсірепов "Ұлпан" романы
"ҮЗДІК ЖАС МАМАН-2021" марафоны аясында мен информатика пәні мұғалімі Есенғұл Салтанат Аманғалиқызы, Сіздерге Ғабит Мүсіреповтың «Ұлпан» романың оқуды ұсынамын. Ұлпан – сырлы мінез-құлқымен, тұлғалы бітімімен ерекшеленген бейне. Оның сезім байлығы, адамгершілігі, адалдығы, рухани тазалығы, ақылдылығы, парасаттылығы, өткірлігі, өжеттігі романда асқан көркемдікпен суреттелген. Бұл көркем шығарма қазақ ауылының жүз жылдық тұрмысын, әдет-ғұрпын толыққанды көрсете білуімен ерекшеленеді. Жер дауы, жесір дауы сынды ұлттық ерекшеліктеріміз кеңінен тарқатылады. Романның басты кейіпкерінің бірі Есеней – Керей-Уақтың билігін қолына ұстаған аузы дуалы би. Ол екі баласы бір күнде шешектен өліп, бір балаға зар болып жүргенде өзінен қырық жас кіші Ұлпанды әйелдікке алған. Ұлпан да ел ағасын жан жүрегімен жақсы көріп, саналы ғұмырын еріне арнайды. Бұл шығарма тарихтың өн байындағы ана бейнесін асқақтатып, оның қоғамдағы, тарихтағы, ұрпақ алдындағы орнын саралауымен дараланады. Осы шығарманы оқуға әр қазақ қызына ұсынамын. Себебі бүтін бір ұлттың дұрыс қалыптасуы, алға жылжуы қыз баласымен тікелей байланысты. Бүгінгі қыз, ертеңгі – болашақ ана. Ал ана болу, оның ішінде ұлтқа өнеге болар ұлт анасы болу - үлкен міндет, жауапкершілікті, ақыл мен батылдықты талап етеді. Ақылы мен көрікі келісті, саналы ұрпақ тәрбиелей алатын аналарымыз бен батылдығын бойға жиып, намысты нанға сатпайтын, ұлт тағдырын биік қояр асыл қыздарымыз көп болсын!