ХАН ҚЫЗЫНДАЙ ХАНБИБІ - 75 ЖАСТА! 1 БӨЛІМ
ҚР Еңбек сіңірген қызметкері, «Парасат» орденінің, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Ақын хан қызындай Ханбибі Есенқарақызы 75 жаста. Ақынның мерейтойына орай «Ханбибінің биігі» атты республикалық жыр мүшәйрасы ұйымдастырылды. Қаратау дәстүрлі өнер мектебінде өткен бұл байқау ақындарға шабыт беріп, ұлттық поэзияның дамуына серпін қосты. Әділдігі мен өр мінезі үшін халық арасында «Хан қызындай Ханбибі» атанып кеткен Ханбибі Есенқарақызының қазақ поэзиясында алатын орны ерекше. Оның шығармашылығы тек көркемдік шеберлігімен ғана емес, терең мағыналылығымен, ұлттық рухты жырлауымен,бейнелеуімен дараланады. Бүгінде 14 көркем әдеби кітаптың авторы атанған ақынның туындылары қазақ оқырманына ғана емес, басқа да ұлт өкілдеріне танымал. Оның өлеңдерінің орыс, украин, қырғыз, өзбек, якут тілдеріне аударылуы – шығармаларының жалпы адамзаттық құндылықтармен үндесіп, шетел оқырмандарының жүрегінен орын тапқанын көрсетеді.Ақынның мерейтойына орай ұйымдастырылған шара әуелі Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің өнерпаздарының қойылымымен басталды.Бұл қойылым ақынның шығармашылығының мазмұнымен де үндесіп,оның өлеңдеріндегі рухани тереңдік пен ұлттық құндылықтарды айшықтай түсті.