МӘДЕНИ АУЫЛЫ – ТАЗАЛЫҒЫ МЕН ҰЙЫМШЫЛДЫҒЫ ЖАРАСҚАН ҮЛГІЛІ АУЫЛ
Осыдан бір жыл бұрын мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлының бастамасымен еліміз бойынша «Таза Қазақстан» жобасы басталған болатын. Бұл жоба арқылы Президент қоғамда экология мәдениетін қалыптастырып, табиғатты аялауға шақырды. Осы орайда Түркістан облысы Төле би ауданы Мәдени ауылында “Таза Қазақстан” акциясын апта сайын ұйымдастыру дәстүрге айналған. Қазақстанның көрікті де қонақжай өңірлерінің бірі – Түркістан облысы. Оның әр ауылында өзіндік дәстүрі мен мәдениеті бар. Солардың ішінде Төле би ауданына қарасты Мәдени ауылы ерекше ұйымшылдығымен және табиғатты қорғауға деген ұмтылысымен көпке үлгі болып отыр. Ауыл тұрғындарының бұл бастамасы тек тазалық шарасы ғана емес, елдің бірлігін, ұйымшылдығын және туған жерге деген махаббатын көрсетеді. Мәдени ауылының тұрғындары үшін “Таза Қазақстан” акциясы аптаның белгілі бір күні өтетін маңызды шараға айналған. Әр апта сайын ауыл белсенділері бірігіп, табиғатты көркейтуге жұмылады. Олар ауыл ішіндегі көшелерді, арықтарды, қоғамдық орындарды тазалап, қоқыстарды жинайды, ағаштарды әктеп, гүлзарларды ретке келтіреді. Мұндай шаралар әсіресе көктем мен жаз айларында ерекше қарқынмен өтеді. Бұл акция ауылдың тазалығын сақтауға ғана емес, адамдардың бір-бірімен жақын араласуына, үлкен мен кішінің ынтымағын арттыруға септігін тигізіп отыр.Мәдени ауылының тұрғындары бұл игі істі ауылдық әкімдікпен, мектеппен және басқа да қоғамдық ұйымдармен бірлесе атқарады.Ұстаздар мен ата-аналар оқушыларға тазалықтың маңызын түсіндіріп, табиғатты аялау мәдениетін қалыптастырып келеді. Мұндай іс-шаралар арқылы жастар туған ауылына деген сүйіспеншілікті бойына сіңіреді.