Хадиша анамыз жайлы
Хазірет Хадиша – Ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.у.) пәк, ар-намысы таза, адамгершілігі мол өмірлік жан серіктерінің алғашқысы. Арабтардағы ең беделді тайпа Құрайыш тайпасы болса, ол сол тайпаның ең текті отбасыларының бірінің перзенті болатын. Әкесінің аты – Хуәйлид, анасының аты – Фатима. Хадиша анамыздың шежіресі әке жағынан Пайғамбарымыздың бабасы Құсайға, шеше жағынан Пайғамбарымыздың аталары Луәйге келіп тірелетін[1]. Құрайш қыздарының ішінде көргендігі, көркемдігі, ибалылығы мен дәулеті жөнінен ерекшеленетін Хадиша – жәһилия кезеңінің өзінде «тахира», яғни “пәк, арлы әйел” атағына ие болған абзал тұлға. Алғашында ол Атиқ ибн Азизге тұрмысқа шығып, одан бір қызды болды. Ол қайтыс болған соң Темим руынан Әбу Халамен отау құрып, одан бір ұл, бір қыз тапты. Алайда бұл күйеуі де қайтыс болып, жесір қалды. Содан кейін де аты мен заты дара, хаса сұлу Хадишаны талайы айттырды. Бірақ текті Хадиша теңі кездеспегендіктен, олардың ешқайсысын көңілі хош көрмеді. Дәулетті Хадиша саудамен айналысып, жыл сайын Шамға керуен жөнелтетін. Мұхаммед Мұстафаның (с.а.с.) сенімді, тәрбиелі, ісіне адал жан екенін естіп біліп, Оған Шамға баратын сауда керуенін басқаруды ұсынды. Аманатқа қиянат жасамайтын Мұхаммед Әмин (сенімді) (с.а.с.) бұл ұсынысты қабылдап, Шамға аттанып кетті. Керуен үш ай жол жүріп, соңында Шамға табан тіреді. Меккеден әкелінген заттар сатылып, қажетті тауарлар алынды. Осылайша керуен қайтадан Меккеге аттанды. Бұл жолғы керуен бұрынғыларға қарағанда екі есе көп пайда түсірген еді. Осы керуен сапарына хазірет Хадишаның қызметшісі Майсара да қатысты. Майсара жол бойы Мұхаммедтің (с.а.с.) жайдары мінезді, байсалды, шыншыл, еңбекқор әрі тындырымды жан екеніне куә болып, оралған бетте Хадиша анамызға Оны аузынан суы құрып мақтап бітіре алмады. Осы әңгімеден кейін Хадишаның жүрегінің төрінен Адамзаттың ардақтысына (с.а.с.) деген сенім мен сүйіспеншілік орын алды. Көп ұзамай текті Хадиша оған тұрмысқа шығу жөніндегі ұсынысын жасады[2]. Хазірет Мұхаммед (с.а.с.) Әбу Тәліпке жағдайды баяндады. Әбу Тәліп барып, Хуәйлидқызы Хадишаға құда түсті. Екі жақ келісіп, Хадишаның үйінде той жасалды. Хазірет Мұхаммед (с.а.с.) пен Хадиша анамыздың некесі қиылды[3]. Бұл кезде Пайғамбарымыз (с.а.с.) 25 жаста, Хадиша анамыз (р.а.) 40 жаста болатын. Олардың Қасым, Зейнеп, Руқия, Үммүгүлсім, Фатима және Абдуллаһ деген алты перзенті болды. Қасым мен Абдуллаһ кішкентай кезінде Меккеде қайтыс болды. Пайғамбарымыздың хазірет Фатимадан басқа перзенттерінің бәрі өзінен бұрын бақиға аттанды. Пайғамбарымыз дүние салған соң алты ай өткенде Фатима анамыз сүйікті әкесінің қасына кетті. Барлық құқықтар қорғалған. Kazislam.kz порталына сілтеме беру міндетті: Мұсылман әйелдердің ішінде ең қайырлысы – Хуайлидтің қызы Хадиша | Қазақстандағы Ислам