G
enby!

Анасын қарттар үйіне өткізді.

 Өмірдің Өзі «Анамды Қарттар Үйіне Амалсыздан Апардым» Posted on 01/22/2020 Authoradmin Comment(0) Жүрегі қан жылаған жігіттің жан сыры Бақберген анасын қарттар үйіне өткізіпті дегенді естігенде бәріміз шошыдық. Сыртынан сөз айтып, шеттетіп, ақыры жиын-тойға шақырмайтын болдық. Одан бергі жерде біразымыз ауылдан алыстап та кеткенбіз. Бүгін бір жиында бас қостық. Бақберген де келіпті. Салқын амандастық. Адам аяғы басылып, өзіміз қалғанда Бақбергенді ортаға алып, ата-ананы сыйлап, бағу керектігін айттық. Ол сөзді бөлмей, үнсіз тыңдап тұрды да былай деді: «Біреуді кінәлап, қисығын көруге шебер-ақпыз. Айтып болсаңдар мені тыңдаңдар. Сен, Қазыбай, анаңмен бір ауылда тұрғанмен шақырмаса бармайсың. Сенбі, жексенбіде әйеліңмен барып, анаңның үй-ішін жинап бердің бе? Тәтті тамақты ортаға алып, бірер сағат қасында болып, анаңа көңіл бөлдің бе? Ал сен, Марат, үйленген кезіңді сен ұмытсаң да ел ұмытқан жоқ. Тойдан кейін бір күн де қалмай, әйеліңнің қолына сыпырғыш ұстатпай, бір кесе шай құйғызбай қалаға алып қаштың емес па? Үйленгенде екі-үш күн демалыс берілмеуші ма еді? Мұныңа бүкіл ауыл күлген, жағаларын ұстаған. Содан бері сен ауылға келдің бе өзі?! Сен де тыңда Жанатбек, оқығансың, қалада тұрасың, жұмысың бар. Балалы болдың, сол балаң өз ата-әжесін тани ма, іздей ма? Қане сенің ата-анаңа немере сүюдің қызығын көрсеткенің. Сенің әке-шешең үйіңе бір күн түнеді ме? Үйім тар, бір бөлмелі дейсің. Бірақ қайын енең айлап-жылдап сыйғанда шүкімдей ғана анаң сыймады ма?    Ал сен, Сәбит, ауданның білдей танымал азаматысың. Жұмысың бар, көлігің бар, зәулім үйің бар. Ал кемпір мен шал ауылда құлағалы тұрған лашықта тұрады. Хан сарайын салып бермесең де отын-суын неге әпермейсің, неге кіндік қаның тамған сол қасиетті лашықты жөндеп бермейсің? Қане, сенің көрсеткен рахатың? Сен бүгін басшы болғаныңмен, кеше сол лашықтан шықтың. Мәулен, сенің әке-шешеңмен бірге тұрғаныңды қайтейін, оларды адам құрлы көрмейсің. Бөксесі керсендей болған әйеліңнің юбкасының астында жүрсің. Өзің жүрсең бір сәрі, кемпірді де келіннің қол жаулығына айналдырып қойдың. Тіпті балаңды гаршокқа отырғызып, құйрығын сүртіп, жыласа жұбататын да шешең. Сен, Қалыбек, әйелің кетіп қалғанда не істемедің? «Келіншегіме қарап сөйледің, ол бәріңе қатын болуға келген жоқ» деп анаңа қол көтеріп едің ғой. Ұмыттың ба? Сен ұмытсаң да, ел ұмытқан жоқ. Әйеліңнің төркініне мені сан рет ертіп барып, енеңнің жағдайын жасап, табанын жалауға шақ қалып едің ғой. Әйелің әке-шешеңнің табалдырығын аттамаймын дегенде пәтер жалдадың. Әйеліңнің қас-қабағынан шыға алмадың. Келіннен бір сөз естіп, баласының қолы тиген анаңның жүрегінде не болып жатқанына назар салдың ба? Иә, мен жаманмын, анамды сыйламаған, әйеліме сыйлата алмаған оңбағанмын. Ал сендер сол оңбағандықты жасырын түрде істеп келесіңдер. Бар шындық осы. Қарттар үйіне өткізген жоқпыз деп көкисіңдер, бірақ қайсысың ата-анаңа мейірім көрсетіп жүрсіңдер? Менің төрт балам бар. Әйелім адуын. Рас, оған әлім келмеді. Өзім бір апталап «Камаз» айдап, алыс сапарларда жүремін. Үйге келгенде анамның жүзінен жағдайы болмай жүргенін айтпай-ақ сеземін. Сол жаныма батады. Әйеліме айтып түсіндіре алмадым. Оның үйде отырып қан жұтқанынан, қарттар үйінде болып таза болғанын, қарны тоқ болғанын, ауырмағанын қаладым. Өз отын, қара шаңырағын сағынатынын білемін. Сол олқылықтың орнын толтырғым кеп, тастанды болдым деп ойламасын деп сапардан келе сала қарттар үйіне жүгіремін. Бастығынан сұрап алып қаланы қыдыртамын, саябақта жеке отырып бірер сағат әңгімелесеміз, ағайынның той-томалағына апарып, өлім-жітімнен қалдырмауға тырысамын. Әйеліммен ажыраса алмаймын, төрт баламды қимаймын. Үйде оның жағдайы болмайды. Соған жүрегім ауырады. Мен екі оттың ортасында қалдым. Ал сендер ше? Аналарың үйлеріңде отыр. Бірақ ол кісінің жан рахаты бар ма? Бірде түнде келе жатып дарбазаның сыртында жылап отырған сенің анаңды көрдім, Жеткерген. Сағат түнгі үш болатын. Қасына барып жағдай сұрап ем, намыстанып айтпады. Сонда ол кісі бостан-босқа жылап отырған жоқ қой. Мен сонда іштей сенің анаңды алтын тордағы бақытсыз құсқа теңедім. Сәбит, өткенде анаң ауруханаға түсті. Әйелің екеуің келіп, қолына тиын-тебен ұстатып кетіпсіңдер. Өйтіп қаймана қазақ та істейді. Жаның ашыса алып кетіп емдетпеймісің. Сен ауырсаң сол шешең сенің жаныңнан шықпас еді. Мен ғана ата-анадан жалғыз екенмін. Қалғандарыңның, Аллаға шүкір, бауырларың бар. Қане, сендердің бауырмалдылықтарың? Той-томалақта ғана кездесесіңдер. Күйеуге кеткен қызды іздеп немесе бауырыңды үйіңе шақырдың ба? Олардың балаларын бауырыңа тартып, маңдайынан сипадың ба? Жоқ, қайта өкшесі қисайса оны жүндейсің. Әйелдерің бауырыңның баласын шомылдырды ма, көйлегін үтіктеп берді ме, каникулда үйіңе әкеп қыдыртты ма, тәтті торт әперді ме, туылған күніне сыйлық жасады ма? Қане, сендердің кереметтіліктерің? Ақыл айтуға бәрің шеберсің. Әркім өз жамбасының ауырмайтын жағын ойлаған. Ендеше неге мені кіналайсыңдар? Әлде карттар үйіне өткізіпті деп айтпасын деп, жасанды намыстан қорқып, анамды қорлатып қояйынба?

Смотрите также