Әскерде өзіне «қол жұмсады» деген сарбаздың жақындары шындық іздейді
Елімізде тағы бір отбасы әскерге кеткен ұлдарының суицид жасағанына сенбейді. Ресми мәлімет бойынша, Отан қорғауға аттанған Қайсар Сұлтанов үш айдан кейін өзіне қол жұмсаған. Марқұмның жақындары бұл дерекпен келіспейді. Өйткені адам өз-өзіне 2 рет оқ атуы мүмкін емес деп отыр. Олар ұлдарын әскердегі былықты біліп қойып, сол себепті кісі қолынан қаза тапқан деп топшылайды. Бұдан өзге де тың деректерді Аяулым Изатқызы біліп қайтты. 2023 жылдың қазанында Астанадағы әскери бөлімінде 21 жастағы Қайсар Сұлтанов оқ жарақатынан көз жұмды. Тергеушілер оның өлімін «өз-өзіне қол жұмсау» деп танып, істі бірнеше мәрте жапқан. Бірақ марқұмның анасы ұлының өлімі кездейсоқ емес деп есептейді. Сәуле Тілеубергенованың сөзінше, Қайсар бөлімде болған заңсыз әрекеттерге - қару-жарақ ұрлығын көріп қалған болуы мүмкін. Сондықтан оны әдейі өлтірген деп санайды. СӘУЛЕ ТІЛЕУБЕРГЕНОВА, Марқұмның анасы: Егер менің баламның басына алғашқы оқ тигеннен кейін бүкіл миы, маңдай бөлігі мен бас сүйегі зақымданған болса, ол алты минуттан соң екінші рет өзіне қалай оқ ата алады? Менің ойымша, оны әдейі кезекшілікке шығарған. Неге? Себебі ол қаза болардан бір күн бұрын ғана мен оны сұрап, үйге әкелген едім. Меніңше, ол қару-жарақ ұрлығына куә болған. Мен бұған сенімдімін. Ал оны өлтірген адамдар ол маған бір нәрсе айтып қояды деп қорыққан шығар. Қайғыдан қан жұтқан ана істің мән-жайын екі жылдан бері өз бетімен зерттеп келеді. Түрлі сараптама нәтижелерін жинап, бейнебақылау камераларындағы жазбалардың әдейі өшірілгенін анықтаған. Сондай-ақ, ұлымен бір бөлімде болған сарбаздардың отбасыларымен сөйлесіп, елдің түкпір-түкпірін аралап шыққан. Олардың бірі оқ даусын естіп, Қайсарға жүгіріп бармақ болған сәтте кезекші бөлім бастығы барлығын сыртқа шығарып жібергенін айтыпты. Сондықтан марқұмның туыстары бұл алдын-ала жоспарланған қылмыс деп санайды.. ИНГА ИМАНБАЙ, заңгер: Жанданған тергеу 99-баппен, "Қақасақана кісі өлтіру" бабымен тергелуі тиіс. Және бұл жерде екінші қылмыстық іс ашылуы тиіс. Екі жылдан бері Қайсарды өлтірген адамды, яғни қылмыскерді жасырып отырған адамдар бар. Бұл істі жаптырып тастаған адамдар бар. Олар да жауап беруі керек. Соңғы кезде көбейіп кеткен әскердегі өлім-жітімге қатысты депутаттар да алаңдаушылық білдіріп отыр. Халық қалаулылары қажетті тексеріс жүргізіп, қайғылы жағдайларды азайтуды талап етеді. НАРТАЙ СӘРСЕНҒАЛИЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты: Былтыр кейінгі үш жылда 270 сарбаз қаза тапқанын айттым. Биылғы қыркүйектің өзінде Алматыда әскерге барғанына бір апта болған азамат қаза тапты. Одан кейін тағы бір азамат оқу-жаттығу жиындарында оққа ұшты. Тағы бір азамат жұмбақ жағдайда қаза тапты. Құқықбұзушылық профилактикасы туралы жаңа заң жобасы бұл мәселені қалай шешеді? Ешқандай жаңалық жоқ. Әуелден бар нәрсе. Бұл әскердегі заңсыздықтарды жоймайтынына жылдар бойы көзіміз жетті. Қайсар Сұлтановтың ісі бойынша тергеудің мән-жайын білу үшін Бас әскери прокуратураға хат жолдадық. Жауабын алдағы шығарылымдарда береміз. #Информбюро #31арна #БастыЖаңалықтар #Новости #31канал