ЫСЫРАПШЫЛДЫҚ – АЛЛА СҮЙМЕЙТІН ІС
الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауат пен сәлем болсын! Алла Тағаланың тарту еткен несібесін бет алды шашу, ысырап ету – түбінде адамға өкініш алып келетін іс. Ысырап дегеніміз – ішіп-жеуде, киім кигенде, қаражат, мал-дүние жұмсағанда мақсатсыз, рәсуа етуді білдіреді. Ысырап тек дүние-мүлік пен қаражатқа ғана қатысты емес. Мысалы, уақытты бос өткізу, мағынасыз, пайдасыз өсек-аяң айтып алтын уақытты зая кетіру, білімді пайдасыз істерге жұмсау бұл да – ысырап. Нақтырақ айтқанда, Алла Тағаланың бізге берген әр нығметін мақсатсыз, әділетсіз пайдалану ысырап болып табылады. Ысырап сөзі арабтың «әл-исрафу» деген сөзінен енген. Бұл сөздің тілдік мағынасы «шамадан тыс асып кету, шектен шығу, мақсатсыз, орынсыз және асығыстықпен жұмсау» дегенді білдіреді. Ал діни терминдік мағынасы «кез келген нәрсені өзіне қажет мөлшерден артық жұмсау» деген сөз. Имам Журжани (Алла оны рақымына алсын): «Ысырап – көп мөлшердегі мал-мүлікті пайдасыз нәрсеге жұмсау, шығын шығару шегінен асып кету. Кейбіреулердің айтуынша, ысырап – адамның өзіне рұқсат етілмеген нәрсені жеуі немесе рұқсат етілген тағамды қажеттіліктен тыс тұтынуы. Ысырап – белгілі бір мөлшерден асып кету, яғни өзіңе берілген несібенің қадірін білмеу және оны қажетсіз артық жұмсау. Бұл – бейберекет шашу», – деп түсіндірген. Ысырап – Алла Тағала тыйым еткен істің бірі. Мұсылман өзіне берілген нығыметті қалауынша пайдалануына болады, бірақ ысырап жасамауы қажет. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде: وَهُوَ الَّذِي أَنْشَأَ جَنَّاتٍ مَعْرُوشَاتٍ وَغَيْرَ مَعْرُوشَاتٍ وَالنَّخْلَ وَالزَّرْعَ مُخْتَلِفًا أُكُلُهُ وَالزَّيْتُونَ وَالرُّمَّانَ مُتَشَابِهًا وَغَيْرَ مُتَشَابِهٍ كُلُوا مِنْ ثَمَرِهِ إِذَا أَثْمَرَ وَآتُوا حَقَّهُ يَوْمَ حَصَادِهِ وَلَا تُسْرِفُوا إِنَّهُ لَا يُحِبُّ الْمُسْرِفِينَ «Ол сондай Алла – сабағы шырмалма (яғни бір нәрсеге асылған) және (жерге) сұлатпа жүзім бақшаларын, құрмалықтарды, дәндері әр алуан егіндерді һәм кейбір қасиеттері жағынан бір-біріне ұқсағанымен, бір-бірінен өзгеше зәйтүн мен анар жемістерін жаратты. Жемістері піскен кезде, олардан жеңдер. Жемісін жиған күні садақасын (яғни, ондағы пақыр- міскіндердің ақысын) беріңдер. Алған өнімдеріңді орынсыз жұмсап, бейберекет шашып (немесе дұрыстап сақтамай), ысырап етпеңдер. Өйткені Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді», – деген («әл-Анғам» сүресі, 141-аят). Бұл аятта Алла Тағала ысыраптың барлық түріне тыйым салғанын баяндап тұр. Яғни, адамның қажеттен тыс шамадан көп тамақтануы, сондай-ақ өз жағдайына, отбасына немесе қарыздарын өтеуіне зиян келтіретіндей артық мөлшерде қолдануы ысырапқа жатады. Мұндай бейберекет шашуды Алла жақсы көрмейді, оны ұнатпайды.