#Қазақстан қала мәдениетінің дамуындағы Ұлы Жібек жолының рөлі
Ұлы Жібек жолы және Қазақстан. Ұлы Жібек жолы – елдер мен алықтардың қатынасын нығайтқан, түрлі мәдениеттерді бір-бірімен жақындатқан, Қазақстан жеріндегі қала мәдениетіне ықпалын тигізген байланыс жолы болды. Шығыс пен Батыс елдерін байланыстыратын сауда жолының бағыты ретінде бекіту үшін «Жібек жолы» атауын 1877 жылы неміс ғалымы, географ Ф. Рихтгофен ұсынған болатын. Оның «Қытай» атты еңбегінде алғаш аталған бұл тарихи термин ғылыми әдебиеттерде қалыптасып кетті. Жолдың маңыздылығы мен мыңдаған шақырымды құрайтын қашықтығына байланысты «ұлы» сөзі қосылды. 1996 жылы Ташкентте түркі мемлекеттері президенттерінің бірлескен декларациясында Ұлы Жібек жолы басты нысан етіп алынды. 1997 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан Республикасында Ұлы Жібек жолы бойында туризм инфрақұрылымын дамыту туралы түркі тілдес мемлекеттер басшыларының Ташкент декларациясын, ЮНЕСКО мен ДСҰ жобасын іске асыру» туралы Жарлыққа қол қойды. 1998 жылы «Жібек жолы тарихи орталықтарын қайта өркендету, түркі тілдес мемлекеттердің мәдени мұрасын сақтау және дамыту, туризм инфрақұрылымын жасау» мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Қазіргі таңда Қытай мен Орталық Азия елдері бойынша «Бір белдеу, бір жол» стратегиялық бағдарламасы, «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасы жүзеге асырылуда. Сонымен қатар біздің жерімізден «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізі өтеді. Бұл жоба тасымалданатын жүктердің транзитінен Қазақстанға қаржылай мол табыс әкеледі.