БАЛПЫҚ БИ КЕСЕНЕСІ
Осыдан 280 жылдай уақыт бұрын Жалайыр елінде әрі көсем, әрі би, әрі қол бастаған батыр атанған Балпықтың тарихи еңбегі ерекше. Ескелді би, Қабылдиса (Қабан) ақынмен бірге ол да көзі тірісінде әулие саналған, 1694 жылы дүниеге келіп, Қаратал, Көксу бойында 1784 жылы қайтыс болса керек. Жалайыр руынан шыққан. Әкесі мол дәулетімен атағы шыққан бай, анасының есімі — Ақбалық. Сөз бастаған шешен, қол бастаған батыр ретінде Балпықтың аты Ескелді бимен қатар айтылған. Балпық жоңғар шапқыншылығы кезінде өзінің аға достары Ескелді, Қабан жыраумен бірге Іле мен Қаратал арасындағы Жалайыр, оған көршілес Найман, Суан, Ысты руларының біраз бөлігін шабуыл өтінен дер кезінде әкетіп, қырылып кетуден сақтады. Хантау мен Қаратаудан әрі асып, Сыр бойында тұрақтаған соң бірқатар жорықтарды басынан кешірді. Аңырақай шайқасына, Аягөз бойындағы Таскескен мен бүгінгі Текелі қалалары маңындағы соғыстарға қатысқан. Әділ сөзімен Жалайыр мен Жаныс руларын табыстырған.
 
  
             
  
             
  
             
  
            