Tattimbet. Тәттімбет туралы деректі фильм
Қазақфильм 19 ғасырда өмір сүрген ұлы күйші Тәттімбет туралы деректі фильм. Таласбек Әсемқұлов: "Заманында Тәттімбет дегенде дір етпейтін жүрек болмаған. Қазақ серілерінің соңы, елінің атына кір келтірмей жүріпті. Туған халқына мәңгі тозбас өнер қалдырыпты. Әлі есімде, бала кезімде қариялар айтып отырушы еді, Тәттімбет он бесінде жақсы атанған деп. Бір тыңдағаннан мәңгі-бақи ғашық қылатын күй иесі және ардагер азамат… Халық жадында Тәттімбеттің осы екі бейнесі сақталыпты. Тәттімбеттің өнері – жаңа сапаға ауысардың алдындағы қазақ күйінің соңғы гүлдеуі. Сол себепті Жаратқан Ие де оған өнерді аямай-ақ берген. Тәттімбеттің ауылы Қарқаралыда естелік әңгіме көп айтылады. Тәттімбеттің аңшы, зергер, домбыра шабатын шебер, киім тігетін ісмер, сегіз қырлы бір сырлы болғаны айтылады. Әрине, ат өледі, мүлік тозады. Бірақ күйшінің артына тастап кеткен жауһар мұрасы – оның асыл күйлері халық жадынан ешқашан өшпейді. Тәттімбеттің өзіне дейінгі күйшілерден, Тәттімбет күйінің байырғы қазақ күйінен ең басты айырмашылығы неде? Тәттімбетті «қазақ күйінің реформаторы» деп жатамыз, бірақ осы анықтаманы қалай түсінеміз? Әрине,бұл сауалдарға бір ауыз сөзбен жауап беру мүмкін емес. Ең әуелі айтарым, Тәттімбеттің бұрынғы заман күйшілерінен тағдыры басқа. Тәттімбеттің несібесі – мүлдем басқа несібе. Доспамбет жыраудың айтқаны бар ғой: – Оқ қылқандай шаншылса, Қан жосадай егілсе, Аққан судай төгілсе, Бетегелі Сарыарқаның бойында, Соғысып өлген өкінбес, – деп. Бұл баяғы жаугершілік заманның идеалы. Кең даланы ен жайлаған, ешкімге намысын таптатпаған еркіндіктің кезінде айтылған сөз. Көне заманнан жеткен «Нарату», «Абыл» сияқты күйлерден де осындай биік рух есіп тұрады. Ал Тәттімбеттің заманы – мүлдем басқа заман. Қазақтың отарлық кепке түсіп мұқалған кезі. Тәттімбет өз дәуірінің перзенті. Музыкант ретінде айтайын, алқынып тұрған арда халықтың осы ұланғайыр жерді лықа толтырып, биік дәурен сүретін кезінде тағдырдың тәлкегі, тарихтың қалауымен осындай кіріптар күйге түскен кезінің мұңы мен наласын Тәттімбет күйі айна-қатесіз бейнелеген". https://otuken.kz/k%D2%AFjdi%D2%A3-ki...
Т.Әсемқұловтың "Тәттімбет сері" романын оқыңыз https://otuken.kz/t%D3%99ttimbet-seri...
Таласбектің күйшілік туралы "Талтүс", "Кәрі күйші", "Тәттімбет сері" шығармаларын Меломан дүкендерінен таба аласыз.