Есім таңдай білесіз бе ?
Есім таңдай білесіз бе ? Ислам діні балаға мағынасы дұрыс, естір құлаққа жағымды, көркем ат қоюға шақырады. Сондықтан балаға есім беру – аса жауапкершілікті іс. Тіпті, Ибн Аббас (оған Алла разы болсын) айтқандай, баланың әкесіндегі үш хақысының бірі саналады. Жақсы #есім – баланың болмысына, тұлға болып қалыптасуына тікелей әсер етеді. Оған өзінің есімінің артықшылықтарын айтып, өзімен аттас тұлғалардың өмірі, жеке қасиеттері туралы жиі айтып отырған жөн. Сонда ізгі қасиеттер баланың бойына да даритын болады. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сәбилерге пайғамбарлардың есімдерін беріңдер және ең жақсы есімдер – #Абдулла және Абдурахман, ең шыншылдары – Харис және Һаммам, ал ең жиіркеніштілері – Харб және Мурра» деген болатын. (Муслим, Ахмад). Айта кетейік, Харис – «егінші» (яғни, әркім жақсы-жаман амалының өнімін арғы дүниеде алу үшін бұл дүниеде егінші іспеттес өмір сүреді), Һаммам – «қам жасаушы» (әр адам осы дүниесін не арғы дүниесін жақсарту үшін қам жасайды), Харб – «соғыс», ал Мурра – «ащы» (Ібілістің бір аты) деген мағынаны білдіреді. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осылайша, әрдайым мағыналы, жақсы ат қоюға шақыратын. Мұның мәнін: «Сендер қиямет күні өз есімдеріңмен және әкелеріңнің есімдерімен шақырыласыңдар. Олай болса, балаға әдемі есім қойыңдар» деп түсіндіретін. (Әбу Дәуіт).