G
enby!

Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ-мен бірлескен егістік сынақтары

Өнеркәсіптік микробиология зерттеулері мен Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институты арасындағы тығыз ынтымақтастық нәтижесінде, егіс алқаптарында отандық биопрепараттарды қолдану бойынша сынақтар жүргізілді. Институт мамандарымен жүргізілген сұхбаттардың қорытындылары бойынша, бірқатар отандық биопрепараттардың оң әсері байқалды: Жапаев Рауан, егіншілік зертханасының меңгерушісі, а.ш.ғ.к., Фосфобацирин-С және Плантобактерин препараттарын қолдану кезінде өсімдіктердің вегетативтік даму кезеңінде көзге көрінетіндей жақсы өсім байқалған, яғни визуалды тұрғыдан өсімдіктердің жағдайы айтарлықтай жақсы болған. Каусенко Марина, органикалық егіншілік бөлімінің ғылыми қызметкерінің айтуынша, соя дақылына қолданылған Ризовит-АКС және Плантобактерин препараттары өсімдіктің биіктігінің 140 см-ге дейін өсуіне ықпал еткен. Слямова Назира, органикалық егіншілік зертханасының меңгерушісі, а.ш.ғ.к., жаздық жұмсақ бидай және соя тұқымдарын аталған биопрепараттармен өңдеп, өсімдіктердің өсуі мен стресске төзімділігінің жақсарғанын байқаған. Ол сонымен қатар Необациринмен сояны қосымша үстеп қоректендіру жоспарын атап өтті. Отандық биопрепараттардың келесі артықшылықтары анықталды: 1. Ауруларға қарсы тұру қабілеті: Препараттар өсімдіктердің фитопатогендерге қарсы төзімділігін арттырды. 2. Өсу көрсеткіштері: Соя мен бидайда биіктік, жапырақ көлемі және биомасса мөлшері едәуір артты. 3. Өнім сапасы: Органикалық өнім сапасы жақсарды, өсімдік құрылымы мен қоректік элементтер құрамы оң өзгерістерге ұшырады. Жергілікті топырақтан бөлініп алынған микроорганизмдер негізінде әзірленген отандық биопрепараттар шетелдік баламаларымен салыстырғанда бірқатар артықшылықтарға ие. Олар нақты аймақтың агроклиматтық жағдайларына бейімделген, экологиялық таза, әрі тиімділігі жоғары. Бұл өз кезегінде органикалық егіншілікті дамытуда, өнімділікті арттыруда және отандық биотехнологиялық өнімдердің әлеуетін көтеруде маңызды рөл атқарады.

Смотрите также