Ұлттық музей оқушыларға "Музейдегі мектеп күні" жобасын ұсынады!
«Музейдегі мектеп күні» – ҚР Ұлттық музейінің мәдени-білім беру жобасы. Бұл жоба мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жариялаған «Балалар жылы» аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен іске асырылып отыр. Оқулықта көрсетілген тақырыптарға сәйкес, Ұлттық музей қорындағы жәдігерлерді пайдалана отырып, 5-9 сынып оқушыларының Қазақстан тарихы пәні бойынша теориялық білімін практика жүзінде бекітуге бағытталған. Сабақтар музейдің экспозициялық залдарында және онлайн форматта өтеді. Интерактивті сабақтарды ҚР Ұлттық музейінің жетекші мамандары Нұр-Сұлтан қаласы орта мектептерінің тарих пәні мұғалімдерімен бірігіп өткізеді. Әр сабақтың ұзақтығы – 35-45 минут аралығында. Сабақ кезінде оқушылар музей экспозицияларындағы жәдігерлердің көшірмелерін ұстап көріп, жақын танысуына мүмкіндік жасалады. Сабаққа өтінімдер 7 күнтізбелік күн бұрын қабылданып, әр бейсенбі сайын түске дейін және түстен кейін 2 сабақтан өтеді. Жобаның онлайн форматы бейнесабақтар арқылы жүзеге асырылады. Әр бейнесабақтың ұзақтығы – 5-7 минут. Бейнесабақтар мектептердегі оқу бағдарламасының күнтізбесіне сәйкес, ҚР Ұлттық музейінің Youtube каналына және ресми сайтына салынады. Сабақтардың тақырыбы мен мазмұны ҚР Оқу-ағарту министрлігі бекіткен оқу бағдарламасына сәйкес келеді. #музейдегімектепкүні #учебныйденьвмузее #ұлттықмузей #ulttyqmuzei #қазақстантарихы