ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА ЗАМАНАУИ СПОРТ КЕШЕНІ АШЫЛДЫ
Қасқасу ауылдық округіне қарасты Кеңесарық ауылында жаңа спорт кешенінің ашылу салтанаты өтті. Ел игілігіне берілген бұл нысан - ауыл тұрғындары үшін ерекше маңызға ие. Салтанатты ашылу рәсіміне арнайы генерал, жазушы Ержан Исақұлов, қоғам және мемлекет қайраткері Болат Жылқышиев, "AMANAT" партиясы Түркістан облысы филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев, аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов арнайы қатысты. Жалпы құны 160 миллион теңгені құрайтын спорт кешені толығымен жеке демеушінің қаржысы есебінен бой көтерген. Заманауи үлгіде жабдықталған нысан ауыл жастарына салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен тұрақты айналысуға зор мүмкіндік бермек. Салтанатты шарада ауыл халқы игілікті іске мұрындық болған Болат Жылқышиевке ат мінгізіп, иығына шапан жапты. Қазіргі таңда Төлеби ауданында 225 спорттық нысан халыққа қызмет көрсетеді. Оның ішінде, 1 «Жастық» стадионы, 1 тау шаңғы базасы, 2 жүзу бассейні, 4 спорт кешені, 1 «Бәйшешек» оқу-жаттығу орталығы, 88 спорт залы, 5 ату тирі, 7 спорттық манеж, 109 жазықтық алаңша, 7 бейімделген спорт зал бар. Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Смотрите также
