ОТБАСЫН ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ: ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС, НАҚТЫ НӘТИЖЕ
Әрбір мемлекет пен қоғамның дамуы ең алдымен отбасының беріктігіне, оның әлеуметтік жағдайына, тәрбиелік рөліне байланысты. Бүгінгі таңда елімізде отбасы институтын нығайту, көпбалалы аналарды қолдау, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға жәрдем беру бағытында түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстардың ең басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын көтеріп, ұрпақтың болашағын жарқын ету. Түркістан облысы Сауран ауданында осы бағытта нақты қадамдар жасалып, тұрғындарға қолдау көрсету мақсатында “Отбасын қолдау орталығы” өз жұмысын жүргізуде. Бұл орталық аудан тұрғындарының әлеуметтік мәселелерін шешуге, көпбалалы аналарға, жағдайы төмен жанұяларға көмек көрсетуге және отбасындағы татулықты нығайтуға бағытталған маңызды мекеме болып отыр. Бүгінгі таңда Сауран ауданында: Көпбалалы аналар саны – 2690, Атаулы әлеуметтік көмек алушылар – 248, Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар – 133. Бұл статистика аудан көлемінде отбасы институтын нығайту мен әлеуметтік қолдау бағытындағы жұмыстардың өзектілігін көрсетеді. Көпбалалы аналар – қоғамның демографиялық әрі тәрбиелік тірегі. Оларды қолдау – ел болашағына жасалған инвестиция. Ал атаулы әлеуметтік көмек алушылар мен жағдайы төмен отбасылар – мемлекет тарапынан ерекше назарды қажет ететін топ. Осы орайда орталық қызметімен танысуға ҚР Президенті жанындағы Ұлттық әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі Баян Айтбекқызы арнайы келді.Сапар барысында ол орталықтың жұмысымен толықтай танысып, мамандардың қызмет көрсету барысын көрді. Әлеуметтік кеңестер беру, психологиялық қолдау көрсету және отбасы татулығын сақтауға бағытталған жұмыстарға жоғары баға берді.Баян Айтбекқызының айтуынша, мұндай орталықтардың жұмысы – ел дамуының маңызды көрсеткіші. Өйткені қоғамдағы тұрақтылық пен халықтың әл-ауқаты тікелей отбасының жағдайына байланысты. Сондықтан “Отбасын қолдау орталығы” сияқты мекемелерді дамыту – мемлекет үшін маңызы бар іс.