Жетісайдағы трагедия күллі қазақ елінің қабырғасын қайыстырды
Түркістан облысы Жетісай ауданында өрттен қаза тапқан он екі адамды туыстары бүгін жер қойнына тапсырды. Алғабас ауылындағы трагедия күллі қазақ елдің қабырғасын қайыстырды. Коттеджде тұтанған оттан шыға алмай бала-шағасымен қамалып қалған екі отбасының қайғысы көпке ауыр тиді. Информбюро тілшісі Назерке Үкібасова жанұшыра айғайлап, көмекке шақырған әйелдің даусын естіген көршілерімен тілдесті. Түгі қалмай жанып кеткен үйге куәгер ретінде кірген тұрғынды да тыңдады. Үш ересек пен тоғыз баланың мәйіті шыққан Жетісайдағы трагедия жайлы әріптесім оқиға орнынан жеткізсе. Бұл өрттен кейінгі алғашқы кадрлар. Таңғы алтылар шамасында тұтанған оттан екі қабатты коттедждің іші түгі қалмай жанып кеткен. Шырт ұйқыда жатқан көршілер шыңғырған дауыстан оянып, далаға жүгіріп шыққандарын айтады. Сөйтсе, терезенің торынан шыға алмай қиналған келіншек жанұшыра айғайлап, көмек сұраған екен. ХАНЫМАЙ ЖҮНІСОВА, Алғабас ауылының тұрғыны: Ана келіншек айғайлаған кезде үйіме келді ғой. Арттағы спальныйыма арттағы бақырған дауыс. Адамның жаны тәтті екен. Сонан кейін мен жүгіріп шықтым. Жүгіріп шығып едім әпше деді. Мені жәрдем беріңізші шыға алмай жатырмыз деді. Өртеніп жатыр деді. Сөйтіп қарасам ойбууй қып-қызыл от екен ғой дедім. Ойбай қай жаққа барамын мына жаққа барам. Қып-қызыл от болып жатыр екен бірақ. Енді көрдім соны. Қып-қызыл оттың ішінен ешкімді шығара алмады. Тұрғындар лапылдап жанған жалынға жолай алмай, шарасыз күйде қалған. Қолымыздан бар келгені өрт сөндірушілер хабар беру болды дейді. Осылайша, бір әулеттің 15 мүшесі қызыл жалынның құрсауында қалып қойған. Төтеншеліктер күлге айналған баспанадан он екі адамның мәйітін алып шықты. Оның тоғызы бала. Марқұмдардың үлкені 16, кішкентайы бір жаста екен. ҚАЙЫРБЕРГЕН БОЖЫМБЕТОВ, Алғабас ауылының тұрғыны: Куәгер ретінде шақырды. Көрсем ішінде дым қалмаған. Ішінде ешкім жоқ адамнан. Бірақ іштің барлығы жанып кеткен. Көрінетін ештеңе жоқ. Барлығы жанған 100 пайыз. Кеше той болған бұлардың жанұясында. Өзі үш ағайынды. Үш ағайындының біреуі осы жерде. Біреуі жолдың арғы бетінде, біреуі көрші ауылда. Тойдан кейін екі отбасы осы жерге келген. Қалғаны өз үйіне кеткен. Содан осы жағдай болып отыр ғой. Қайғылы оқиға тұтас ауылдың сай-сүйегін сырқыратты. Бұл үйге 34 жастағы азамат қарт анасы, әйелі және бес баласымен үш жыл бұрын көшіп келген екен. Ерлі-зайыптылар бала-шағасымен кеше туыстарының сүндет тойына барған. Мейрамханадан шыққан соң ағасы жұбайы және төрт баласымен бірге осы үйге қоныпты. Өкініштісі сол, өрттен 60 жастағы әжесі, 40 жастағы азамат пен сегіз жастағы қызы ғана тірі қалды. Олар қазір ауруханада жатыр. Ал, марқұмдардың денесін жақындары бүгін жер қойнына тапсырды. САПАРГҮЛ ШАУЛИЕВА, Н.Оңдасынов атындағы мектептің директоры: Сол жердегі үш оқушы біздің мектебіміздің оқушылары. Бірінші сыныпта оқитын Талғатбек Алуа Дәуренбекқызы, екіншісі Дана деген үшінші сынып оқушысы, төртіншісі Асия төртінші сыныпта оқитын. Және екі егіз балалар бар Әлихан мен Әмірхан олар балабақшада. Ата аналар жеке кәсіпкерлер. Өте жақсы жандар. ЗҰЛЫПХАР ЖОЛДАСОВ, Түркістан облысы әкімінің орынбасары: Өрт қауіпсіздік қазір бізде сол жерде эксперттер жұмыс істеп жатыр. Оны анықтап көрсетеді. Бірақ газ өзінің қазандықтары сыртта орналасқан екен. Газбен қатысты болмаған сияқты. Бірақ негізі специалистер анықтайды. Бүкіл қандай шығындарын бәрін көтеретін боламыз. Қазір қайғылы оқиға болған үйді тәртіп сақшылары күзетіп тұр. Құзырлы орган өкілдері өрттің шығу себебін анықтауға кірісті. #өрт #Жетісайдағытрагедия #БастыЖаңалықтар #Жетісай #информбюро