Бүгін Алматы облыстық мәслихатының кезекті сессиясы өтті.
СУФЛЕР. Бүгін Алматы облыстық мәслихатының кезекті сессиясы өтті. Жиында өңірдің әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған маңызды шешімдер қабылданды. Ең алдымен ауылдық денсаулық сақтау саласы талқыланды. Биылдың өзінде облыста 19 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілсе, тағы 19 ның құрылысы аяқталуға жақын. Оған республика бюджетінен 8,3 миллиард теңге бөлінген. Депутаттар біткен нысандарды дер кезінде заңдастырып, денсаулық сақтау саласына уақытылы тапсыруды міндеттеді. Ал жүріп жатқан құрылыстардың сапасына мән беріп, кестеге сай аяқтау қажеттігін атап өтті. Сессияда елді мекендерді абаттандыру қағидаларына да түзетулер енгізілді. Енді аумақтарды күтіп-ұстау тәртібі күшейеді. Атап айтқанда, қоқысты белгіленбеген жерге төгуге, аулаларда көлік жууға, тіпті кілем қағуға дейін шектеулер енгізілді. Бұл ережелер елді мекендердегі тазалық пен тәртіпті арттыруға бағытталған." Судың да сұрауы бар" демекші, өрт кезінде ауыз суды пайдалану шығындарын өтеу тәртібі де бекітілді. Бұдан былай гидранттар мен резервуарлардан алынған су көлемі ресми түрде есептеліп, шығындар жергілікті бюджет есебінен өтелетін болады. Бұл коммуналдық жүйелердің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған шешім деп түсіндірді мамандар.