Эсседегі тезис пен аргументті шатастырма. Тезис пен аргументті қолданудың тиімді 10 жолы. #тезис
Бұл видео мұғалімдер мен оқушыларға әдістемелік ұсыныс ретінде әзірленді. Видеода тезис пен аргументтің жазылуына байланысты нақты 10 қадам тәжірибе негізінде ұсынылды. 1-сабақпен байланыс тығыз орнатылып, «Ұстаз – ұлы тұлға» тақырыбында жазылатын эссеге қатысты талдау жүргізілді. Назарларыңызға эссеге ұсынамын: Өнердің бес ірі түрі бар: мүсін, сәулет, сурет, музыка, СӨЗ. Ішіндегі ең құндысы – сөз өнері. Сөз сүйектен өтетіндігін ескерсек, бой жетпеген жерге ой жететіндігін де білеміз ғой... Ой мен сөз көркем тілмен жымдасып, ЭССЕ атты өнер туындысын дүниеге әкеледі. Алайда барлығы бірдей неге эссе жаза алмайды? Ой жоқ па? Сөйлеу білмей ме? Әлде тіл жатық емес пе? Тіл қаруы – сөз, сөз қаруы – ой. Үшеуінің арасындағы үндестік үзілмесін деп тілейік. Себебі эссе жаза білу – шеберлік! Ал шебердің ісі шешеннің тілінің ортақтығындай деңгейде болатын болса, сіздің ойдан өзге ой түйіп жатса, несі айып? Ал мал жұтаса да, өнер жұтамайтынын Абай ертеде айтқан. «Өнер алды – қызыл тіл» екенін дана халқым бұрынырақ ескерткен. Шынымен де солай. Сәулетші құрылысының сызбасын сызып, кірпішін тасып, көлігі мен жұмыскерін жалдап, күн, түн еңбектеніп, әлемді аузына қаратар зәулім сарай салар. Мүсінші қиюын қиыстырып, қисынын келтіріп, балшықтан қалаған мүсінін тұрғызып, қажырлы еңбегі мен сабырының арқасында жетістікке жетер. Әнші де, биші де өздерінің жан жылытар, көңіл босатар әуендерімен жүректерден орын алар. Суретші де түрлі түсті бояуымен көздің жауын алар туындысын ұсынар. Алайда әнші сәулетшінің тұрғызған сарайын көзге елестеткізіп, ал мүсінші әуеннің берер рухани тебіренісін сыйлап, билете алмайтыны анық. Ал «Тіземнен сүріндірсең де, тілімнен сүріндіре көрме» деген қағиданы ұстанатын Сөз шеберлері зәулім сарай да тұрғызады, сөз арқылы мүсінді орнатады, суретіңді де салып, құлақтан кіріп бойды алар әніңді де естіртеді. Себебі тіл буынсыз, ой түпсіз емес пе? Шеберлігімізді сынаушылар көп бүгінгі таңда. Байқауға қатысу үшін де, доктарантураға түсу үшін де, «Алтын белгі» иесі болу үшін де эссе жазамыз. Тіпті, ТЖБ мен БЖБ да соны жаттап алған. Ендеше бәсекеге қабілетті болу үшін бұл өнер түрін қалайда меңгеруіміз керек екен. Өмір ағысы соны қалайды. Тіл маманы болғандықтан, ойыңнан эссе жаз деп тапсырманы үйіп береміз-ай. Талапшылмыз ғой өйткені. Ал өзіміз сол жазу дағдысын қаншалықты меңгергенбіз? Иә, өзімізді айтам. Жарайды, өзіміз білерміз-ау. Ал білім алушыларымызға тиісті деңгейде шеберлікпен үйрете алып жүрміз бе? Иә, десеңіз, бала неге онда интернет шарлап кетеді? Неге ата-анасының мазасыз алып берекесі қашады? Сабаққа неліктен үй тапсырмасын орындамай келеді? Жауабы жоқ жұмбақ дей көрмеңіз тек. Оның шешуі бар ... Шешуі – тл мен ойдың сөзбен астасқан жымдастығын шеберлікпен ұға білу және ұқтыра білу! Жұтамайтын өнер түрін терең меңгеру! Эссе жаза білу – өнер екенін мойындау!