G
enby!

Асыға күткен, әз-Наурыз! | Ойшілік ауылы – 2025

Тоғас батыр орта мектебінің 2005 жылы бітірген 45-түлектері 20 жылдық кездесуіне орай әз-Наурыз мерекесінде ұлттық нақыштағы өнер және спорттық сайыстарды ұйымдастырды. Ырысы ортаймаған, береке-бірлігі ыдырымаған Ойшілік ауылы биыл да жүрісінен жаңылмай, көктемнің жылы лебімен келген әз-Наурызды айрықша тойлады. Солардың қатарында Тоғас батыр орта мектебін 2005 жылы бітірген, 1988 жылы туған 45-ші түлектер де жылдағы үрдісті жалғап, алдыңғы толқын аға-әпкелерінен эстафетаны салтанатты рәсімде қабыл ала отырып, ұлыстың Ұлы күні мерекесіне өздерінің лайықты үлестерін қосты. Атап айтқанда, «Асыға күткен, әз-Наурыз» бағдарламасымен сахна төріне шығып, 20 жылдыққа арнап жаздырған әндерін орындап, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қана қоймай, ұлттық ат спорты мен салт-дәстүр көріністерінің халықтық сипатта насихатталуын ұйымдастыра білді. Алдымен, 21-наурызда қасиетті Ораза айының құрметіне және өмірден өткен сыныптастар рухына арнап «Самұрық» кафесінде ауыл тұрғындарын ақ дастархан басына жинап, құран-хатым түсірді. Бақилық болған қатарластарының туыстары сөз алып, жүрек тебіреністерін жеткізіп, еске алып жатқан сыныптастарға алғыстарын білдірді. Әрине, жылатуды емес, жұбатуды мақсат еткен түлектер ол кісілерге уақыт тауып келгендеріне ризашылық пейілмен естелік сыйлықтар тапсыруды да ұмыт қалдырмады. 22-наурызда атшабар алаңында 2,5 шақырымдық тай жарысын ұйымдастырып, 1-ші орынға бір тай тігіп, қалған 4 орынға малдай және ақшалай сыйлықтар тағайындады. Тайды Тана мырза ауылының жүйрігі еншіледі. Сонымен қатар, ұмыт бола бастаған салт-дәстүрді жаңғырту, ұлттық санамызды сілкінтуге септесу орайымен ауыл ішінде көшелердің сайысын өткізді. Оған да алғашқы үш орынға ақшалай жүлде берді. 20 жылдықтың әр сайысына жүлде берілетін негізгі спорттық-мәдени көпшілік іс-шара жаздың шілде айына белгіленген, соның бастамасы Әз-Наурыздан бастау алғанын көпшілік қаперіне салған да жөн болар. Ойшіліктің төрінде екі күн дүркіреген 20 жылдық той эстафета тапсырған 1987 жылы туған аға-әпкелеріне сый-құрметке ұласып, Ақсуаттың «Тәуекел» кафесінде түйінделді. #Ақсуат #Ойшілік #әзНаурыз #45түлектер #20жылдықкездесу

Смотрите также