G
enby!

Кеңес заманында қудалауға ұшыраған қызылқұрт руынан шыққан байлар мен молда-ишан, қажылар

Беркін Оразов 1943 жылы Қаратөбе ауданы Ханкөл ауылында дүниеге келген Осы ауылдың тұрғыны Руы – қызылқұрт Біздің өлкеде кәмпескеге ұшыраған екі бай болды мен білетін. Біреуі – байғұтты руынан Жаңай деген, екіншісі – елбай руынан Битілеу деген бай. Жаңайдың 600 бас сиыры, мыңға тарта қойы болған деседі. Одан бөлек тағы көп малы болыпты. Битілеу де аса ауқатты тұрған. Осы екеуі де қуғынға ұшырап кетті. Ұрпақтары да соның зардабын тартты. Мысалы, Битілеудің немересі күні кешеге дейін қудалауда жүрді, байдың баласы деп жұмысқа да алмайтын ешкім. Осы Егіндікөл совхозына Қаржауов келгеннен кейін басылды қудалау. Ал екі бай еліміз егемендік алғаннан кейін ғана толықтай ақталды. Битілеу байдың Сәрсен деген інісінің баласы Сәтібек Алаш партиясында болып, кейін атылып кетті. Ал Жаңайдың тұқымынан кім қалғанын естімедік. Ел арасында қос бай туралы біраз әңгіме сақтаулы. Осы Ақкөл мен Ханкөлдің ортасында бұлақ болыпты бұрында. Соны кәмпескеге ұшырағанына өкпелеген Жаңай бай бекітіп кетті деседі. Содан кейін көп адам көзін ашуға тырысқанмен, нәтиже шықпаған. Жуырда біз шешімін тауып, бұлақтың көзін қайта ашуға ниеттеніп отырмыз. Ал Битілеуде алтын көп болған деседі. Ауылдастарына жасырып қоюды ұсынған екен, олар тәркілеуге ұшырап кетуден қорқып, бас тартыпты. Сөйтіп, бай бүкіл алтынан Сәдір деген әулиенің басына тығып кеткен деген болжам бар. Көріпкелдер оны қарапайым адам ала алмайтынын айтады. Тіпті алтын толы көмбені жылан қоршап тұр дейді. Біздің жақта 5 мешіт болған. Оның төртеуі жұмыс жасаған. Қожалар келіп, бала оқытқан екен заманында. 5 мешіттің біреуін Ғарифолла деген жас жігіт салған. Ол Құранды жатқа білген хафиз қалпе болыпты. Өкінішке орай, ғұмыры келте болып, өмірден озғаннан кейін өзі бастаған мешіттің құрылысы аяқталмай қалған. Екінші мешітте Досжан хазірет болған, руы – олжашының қосқадамы, қызылқұрт ол да. Үшіншісі – Мұхамбет қажы, ол Қалдыбай деген жерге мешіт салып, бала оқытқан. Большевиктер елге таяғанда хабар беріңдер деп ескерткен екен бәріне. Бір күні «Большевиктер келіп қалды Жымпитыға» дегенді естігенде құбылаға қарап намазын оқып отырып ажал сұрапты. Тілегін лезде қабыл етіп, сол жерде жүріп кеткен деседі. Өзі «Мені үйімнің жанына жерлеңдер, кітап-құралдарымды жаныма салып, жерді тегістеп тастаңдар. Сұрағандарға «ештеңе көрмедік, ештеңе білмейміз» деңдер» деп айтып кетіпті. Осы Мұхамбет қажыға менің әкемді оқуға берген екен кезінде. Әкем оқуды жарытпапты. Содан қажы атамның алдына келіп, «Осы баланы маған бер. Шай-суымды әзірлесіп, дәрет алуыма қажетті дүниелерді реттеп, қолқабыс етсін» деп сұрап алып кетеді. Сөйтіп 9 жасар әкем Мұхамбет қажының шай-суын дайындап жүргенде қажының Ахмет деген баласы оқудан келеді елге. Әкем мен әлгі бала сөз таластырып қалып, қажы әкемді үйіне әкеп тастайды кері. Сонда атама айтыпты: «Мына балаңа оқу қонбайды. Бірақ түбі осының ұрпағынан тарағандар менің басыма Құран оқитын болады» деп. Арада жылдар өтеді. 1986 жылы управляющий болып келдім осы жаққа. Әкем де, мен де діннен алыс болдық. Әкеме «Қажының әлгі айтқаны қайда? Ешқайсымыз Құран оқып жатқан жоқпыз ғой» деп қоймаймын. Менің 1984 жылғы Рауан деген балам шетелде оқыды, қосымша медреседе оқыды. Бір күні елге келгенінде біраз уақыт жоқ боп кетті. Үйге келген соң сұрасам, «Мұхамбет қажының басына Құран оқып қайттым, ағайыны өтініп еді» дейді. Бір жағынан, қажының айтқаны айдай келгеніне, екіншіден, ұлымның Құран оқи білетініне аң-таң боп қалдым. Сөйтіп, Алматыдағы ұрпағыма ой тастап, қажының басына қорған қойғыздым. Ал Мұхамбет қажының мешітін кезінде үкімет малға қора еткен, өртеніп кетті. Содан соң да қаңқасын қайта құрап, мал ұстап еді, олары түгел қырылып қалды. Төртінші мешітті ұстаған Есмағамбет хазіреттің тұқымы түгел діни оқымысты болған деседі. Ол Қоскөл жақтан мешіт салған. Мешіттің қасында моласы бар қазір. Сосын Ақкөлде мешіті бар Жантілес ишан деген болған. Ол кісі өте оқымысты болған деседі. Менің шешем 1943 жылы екі күн толғатып босана алмаған мені. Сол кезде Есмағамбет мешітінен Сафиолла ата келіп, оқуын оқып, қамшымен ұрған үй ішін аластап. Қамшысын үйіріп тарсылдатқан кезде шешем қатты қорқып, әп-сәтте босаныпты мені. Мені қолына алып, «Мен бес тәсіл едім, мына бала алтыншы тәсіл болады. Маңдайына күн тимейді, өмірде жолы ашық, бақытты бала болады» деп айтқан екен Сафиолла ата. Расында, өмірде мен көп жетістікке жеттім, еңбектің арқасында сыйлық алдым. 17 жасар баламен 4 мың қой бақтым. Институттағыларды маған әкеліп оқытты. Обком хатшысы екі рет келіп кетті. Көптеген марапат иеленіп, өмірде жолым ашық болды, расында.

Смотрите также