Ауылға құрмет» кездесуі. Қызылкесік, 7-9 маусым, 2024 жыл
2024 жылғы 7-9 маусым күндері Абай облысы Ақсуат ауданы Қызыл кесік ауылында сол жерде туып-өскен азаматтардың «Ауылға құрмет» атты кездесуі болып өтті. Кездесуге республиканың түкпір-түкпірінен соңғы 50 жылда осы ауылдағы Би Боранбай атындағы орта мектепті бітірген түлектер жиналды. «Ауылға құрмет» атты кездесудің негізгі мақсаты – қала мен ауылдың, аға буын мен кейінгі толқынның арасын жалғау, шынайы сыйластыққа негізделген мәдениетті қарым-қатынас, зиялы орта қалыптастыру. Ауыл азаматтары шілденің екінші сенбісін «Ауыл күні» деп белгілеп, кездесуді жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдыратын шешім қабылдады. Кездесу аясында Ауылдастар форумы өтті. Форумда ауылды дамытуға, тарих пен рухани дүниені құрметтеуге, жастардың тәрбиесіне қатысты жалпы мәселелер, ауылдың әлеуметтік жағдайы мен кәсіпкерлік, ауыл мәдениеті мен спортын дамыту мәселелері талқыланды. Кездесуде бабалар рухына арнап Құран хатым түсіріліп, ас берілді. Сонымен қатар, кездесуде волейбол турнирі, арқан тарту, өгіз тартыс, жаяу жарыс, қол күрес сияқты спорттық және ұлттық ойындар ұйымдастырылды.