22.10.2025ж. «Көне діни кітап көрсетіліп, саяси қуғын-сүргін туралы деректер айтылды»
“Көне кітаптар, қолжазбалар, фотосуреттерді жинау” жобасы аясында музейге арнайы іздеп келген қала тұрғыны Исмағұл Айдарбаев аталарынан ұрпаққа аманат болған көне Құран кітабын зерделеуге, көшірме жасауға ниет білдірді. Тағдыр тауқыметімен туған топырақтан табаны тайған Айдаралы ұрпақтары Құлымбетұлы Қази мен оның ұлы Ислам Қаратөбе ауданыны Төлен ауылынан Ресейге бет түзеген. Кейін алпысыншы жылдары елге оралып, (бұрынғы Приурал) Бәйтерек ауданының (бұрынғы Чеботарев) Құрманғазы ауылына қоныстанған. Дүйім Байторы руынан тараған ағайынға бас-көз болып, қолынан қасиетті Құранын тастамаған Ислам ақсақал Кеңес кезеңінің өзінде ешкімнен қаймықпай дін ұстаған, молдалық қылған адам. Әке аманатына адалдық танытып келген Исламұлы Исмағұл 1963 жылы аталған ауылда дүниеге келіп, жастайынан еңбекке араласқан. Ел алдында беделі биік, иманы берік болған аталарының естелігімен бөліскен ол маңызы зор жобаға үлес қосатынын жеткізді.