1 МАМЫР - ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ БІРЛІГІ КҮНІ!
1 мамыр – Қазақстан халқы үшін ерекше мәнге ие күн.Бұл – бейбітшілік пен татулықтың, достық пен келісімнің мерекесі. Қазақстанда тұратын 130- дан астам ұлт пен ұлыстың өкілі бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп, бір мақсат, бір мүдде жолында еңбек етіп келеді. Осы береке мен бірліктің белгісі ретінде 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні болып аталып өтеді.Бұл күн – әртүрлі этностар мен мәдениеттердің тоғысқан, өзара сыйластық пен түсіністік негізінде өркендеген елдің рухани тұтастығын білдіреді. Қазақ халқының қонақжайлылығы мен кеңпейілділігінің арқасында сан түрлі ұлттар мен ұлыстар өзара тату өмір сүріп, еліміздің дамуына үлес қосып келеді. Дәл осы орайда Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Шымкент қаласындағы Достық үйінде ауқымды мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Ел бірлігі мен татулығын дәріптейтін бұл күнге арналған салтанатты жиынға қала тұрғындары мен қонақтары, этномәдени бірлестіктердің мүшелері, мәдениет және қоғам қайраткерлері қатысты. Іс-шара барысында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жиналған қауымды Қазақстан халқының бірлігі күнімен арнайы құттықтады. Өз сөзінде ол еліміздегі тұрақтылық пен татулықтың, ынтымақ пен бірліктің маңыздылығына тоқталып, бұл мерекенің әрбір қазақстандық үшін жүрекке жақын екенін атап өтті.